RU

Гитарашы жігіт Дәулеткерейдің күйін жаңаша үлгіде орындап шықты (видео)

Қазақтың ұлы күйшілерінің бірі - Дәулеткерей Шығайұлының "Қосалқа" күйін қазақстандық гитарашы жігіт Руслан Мерғалиев (сахналық лақап аты Ru-Me) жаңа форматта орындады.

Музыканттың мақсаты - қазіргі заманғы әуендерді қолдану арқылы жастардың халық шығармашылығына деген қызығушылығын ояту. Қазір оның репертуары бірқатар туындылармен толығыпты.

"Менен дос-жарандарым: "Қазақша туындың бар ма? Жоқ болса, неге жоқ? Қашан болады? Қазақтың халық әуендерін гитарамен орындау қызық қой", - деп жиі сұрайды. Мен содан ойға қалдым. Сөйтіп, осы тақырып бойынша клип түсірдім", - деді Ru-Me.

Бейнеклип селфи түрінде түсірілген. Тек моноподтың орнына гитара қолданылған. Клипте музыканттың Алматы қаласында әр түрлі адамдармен жолығып, көңілді әңгімелескен сәттері көрсетілген. Клипке Қазақстанның эстрада жұлдыздары да қатысқан.

Ru-Me-дің айтуынша, қазіргі қазақстандық эстрада сапалы аспапты музыкаға өте мұқтаж. Сондықтан басты мақсат - аспапты музыканы дамыту.

"Аспапты музыка - бұл өз алдына бөлек бағыт. Сондықтан, оның ауқымы кең. Шет елдіктер қазақтың аспапты музыкасына қызығушылықпен қарайды. Бұған Қыдырәлі Болманов басқаратын "Ұлы тау" тобының жетістіктері куә бола алады" - деді музыкант.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/363595-gitarashy-zhigit-deuletkerejdin-kyjin-zhanasha-ylgide-oryndap-shykty-video.html