RU

Оралда 5-сынып оқушысы мұз астына түсіп кеткен досын құтқарып қалды

Оралдағы №1 орта мектептің 5 сынып оқушысы Мейрамбек Әубәкіров суға батып бара жатқан досын құтқарып, ажалдан арашалап қалды деп хабарлайды 24.kz.

Ол Жайық өзенінде ойнап жүргенде мұз ойылып кетіп, досының суға батып бара жатқанын көрген. Дереу көмекке ұмтылған жеткіншек жолдасын өлімнен құтқарды.

Өжет өреннің ерен ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Мектепте өткен салтанатты шарада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Мейрамбек Әубәкіровтің сындарлы сәтте үрейге бой алдырмай, шұғыл көмекке келгенін ерекше атап өтті.

Ерліктің үлгісін көрсеткен шәкіртке алғысхат пен бағалы сыйлық ретінде смартфон табыс етілді.

"Бокстан шықтық, сосын сырғанауға бардық. Содан соң Әлихан деген бала сырғанап кетіп қалған екен. Артыма қарасам, ол суда жатыр. Бір мезетте мұз ойылып кетіп, Әлихан суға түсіп кетті. Ол "құтқарыңдар, құтқарыңдар!" деп айқайлады. Мен ойланбастан бардым, өзімде де қорқыныш болды. Таяқты алып келіп, шығарып алдым. Мен үлкен ерлік жасадым ба, жасамадым ба ол жағын білмеймін. Бірақ адамдар бір-біріне көмектесуі керек", - дейді 5 сынып оқушысы Мейрамбек Әубәкіров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/363638-oralda-5-synyp-okushysy-myz-astyna-tysip-ketken-dosyn-kytkaryp-kaldy.html