RU

Ақмола облысында әкімнің "Ленд крузерін" тасқын су алып кетті (видео)

Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімі Ермек Нұғымановтың қызмет көлігін Олжабай батыр атындағы ауыл мен аудан орталығын байланыстыратын жолдарды су басу салдарынан тасқын алып кетті.

Бұл туралы "Радиоточкаға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

"Таңертең Олжабай батыр ауылынан су тасқыны болып жатқандығы туралы хабар келді. Су ауылға дейін жеткен. Мен Ерейментау аудандық мәслихатының депутатымын. Сол себепті, тасқын орын алған жерді барлап қайтуды жөн көрдім. Таңғы 5-те Олжабай ауылына қарай Ерейментау-Еркіншілік жолымен көлікте келе жаттым. Тайбай ауылына дейін 14 километр жүрдім. Ол жерде Құмай өзенінен өтетін көпірді шайып кеткен. Олжабайға көмекке шыққан төтенше жағдай қызметкерлері сол жерден өте алмай, үйіліп тұр", – дейді "Қарлығаш" шаруа қожалығының басшысы Ербол Дүйсен.

Су астында қалған көпірден 200 метр қашықтықта Ербол Дүйсен қара көлікті байқап қалған.

"Бұл Ерейментау ауданы әкімі Ермек Нұғмановтың "Тойота лендкрузері" екен. Тасқын туралы алғашқы хабарды 10 сәуірде кешкісін ести салысымен, әкім ауылға жол тартқан. Куәгерлердің айтуынша, оның көлігін су алып кетіп, әкім 4 сағат бойы көліктің үстінде көмек күткен. Оны жергілікті тұрғындар қайықпен келіп құтқарды", – деп түсіндірді Дүйсен.

Аймақтық мәслихат депутатының айтуынша, Олжабай батыр атындағы ауыл су құрсауында қалды.

"Мен Олжабайға жете алмадым, жолды су басқан. Олжабай тұрғындарымен байланысқа шыққанда, олар ауылдың 60 пайызын су алып кеткендігін айтты. Көмекке шыққандар жол мен көпір қалпына келтірілмейінше жете алмайды. Төтенше жағдай қызметкерлері көпірдің қасында тұр. Телефон арқылы тұрғындар ауылды қорғап тұрған үш бөгеттің бірі "қирағанын" жеткізді", – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Ербол Дүйсен мұндай төтенше жағдай аудан басшысының салғырттығы салдарынан орын алды деп есептейді.

"Аудан басшылығына өңірде төтенше жағдай орын алу мүмкіндігі талай ескертілген болатын. Бөгеттерге қарап, бас-көз болған ешкім жоқ. Бұл – салғырттық. Егер дер кезінде көпір тазаланған болса, бұл жағдай орын алмас еді", – деп түйіндеді Дүйсен.

Депутаттың сөзіне сенсек, Олжабай батыр ауылының әкімінде қызмет көлігі жоқ. Ауыл тұрғындары зардап шеккендер жоқтығын айтуда. Алайда, малдардың өлімі орын алған.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысының Жұмабек ауылында да бекет құлап, үйлер қираған болатын.

100-ге жуық елді мекенге су басу қаупі төніп тұр.

Youtube пайдаланушысы Жеңіс Әбілқасымов Ерейментау ауданы Еркіншілік ауылын су басқанын жазып, 12 сәуірде видео жүктеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364011-akmola-oblysynda-ekimnin-lend-kruzerin-taskyn-su-alyp-ketti-video.html