RU

Қайрат Нұртас анасының туған күнін дүркіретіп өткізді (фото)

Қайрат Нұртас анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекованың кезекті туған күн кешін Алматы қонақүйлерінің бірінде дүркіретіп өткізді.

Фото comode.kz

Қайрат Нұртастың шоу-бизнесте үлкен жетістікке жетуі біріншіден Алланың, екіншіден анасының арқасы десек қателеспейміз. Гүлзира Айдарбекова Қайраттың анасы ғана емес, продюсері, өзінің "KN" жеке меншік киім бренді өндірісінің директоры.

Гүлзира Айдарбекова өзінің жолдасымен ұлдарының жобасына қатысты барлық істерге үлгеру үшін Алматы, Астана, Бейжіңнің ортасында шапқылап жүреді. Күні кеше Қайраттың анасы Гүлзира Айдарбекова өзінің туған күнін атап өтті.

Әлемнің жарығын сыйлаған анасына Қайрат естен кетпес үлкен мереке сыйлады. Анасының туған күніне орай Қайрат Нұртас Royal Tulip қонақүйінде үлкен мейрам ұйымдастырды. Аталған мерекеге Айдарбековтердің туған-туыс, дос-жарандарынан бөлек қазақ эстрадасындағы танымал жұлдыздар да келді.

Фото comode.kz

Қайраттың анасына деген ерекше сүйіспеншілігі сырткөзге көрініп тұрады. Гүлзира ханым да қашанда баласының қасынан табылады, барлық гастролдік сапарларда бірге жүреді, концерттерін ұйымдастыруға көмектеседі.

Баласы ұйымдастырған әдемі кеште Гүлзира Үсенқызы өзіне арналған тәтті торттың үстіндегі балауыз шамдарды үрлеп, ерекше көңіл-күйге бөленді.

Фото comode.kz

Гүлзира Үсенқызы мен Нұртас Айдарбеков үш ұл тәрбиелеп отыр. Қайрат олардың тұңғышы. Қайрат пен оның інілерінің тиісті білім алуына, өнерде үлкен белестерге жетуіне ата-анасы үлкен күш салды.

"Мен балама жақын болу үшін де, оған қашанда өзімнің қолдауымды білдіру үшін де продюсер болуға бел байладым. Мен әрқашанда жақсы ана болуға, балаларыма жақсы тәрбие беруге тырыстым. Мен өз балаларыммен мақтанамын", - дейді Гүлзира Үсенқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364314-kajrat-nyrtas-anasynyn-tugan-kynin-dyrkiretip-otkizdi-foto.html