RU

Қазақстанда адамдар құлдыққа қалай түседі?

Адам саудасының құрбандары туралы зерттеу жүргізіп жүрген Наталья Усачева ел тұрғындарын бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырды. Маманның айтуынша, адам саудасы елімізде қызып тұр.

Бұл туралы Усачева Новый вестникке берген сұхбатында айтқан.

"Елімізде адам саудасы көбейіп барады. Ал қылмыскерлер болса, қалай із жасыру керектігін біледі. Сол себепті, қарапайым халықтың құқыққорғаушылармен бірлесе жұмыс істегені дұрыс", - дейді маман.

Кез-келген жағдайда адам жалдаушыларға жұмыс істейтіндерді табуға болады. Мәселен, такси жүргізушілері қылмыскерлермен үнемі байланыста.

"Көп жағдайда, жыныстық қатынас үшін құлдыққа салынғандар ақша алмайды. Себебі, оларға көп мөлшерде есірткі береді. Кейін құлдыққа салынып, есірткімен уланған қыздардың бостандық үшін күресуге шамасы да келмей қалады. Яғни, 5-6 жылдан соң олардың шаруасы бітеді де, қылмыскерлер қыздарды төмен деңгейлі бордельдерге сатып жібереді. Бұл барлық елде бар тәжірибе", - дейді Наталья Усачева.

Маманның айтуынша, осындай оқиғаға қатысы барлар өздерін жасырын ұстамай, қылмыскерлерді табуға көмектесуі керек. Болашақта өздерінің жақындары да адам саудасының құрбаны болуы мүмкін екенін қаперде ұстағаны жөн.

"Бір ғана мысал айтып өтейін. Барда жұмыс істеген екі қыз адам саудасының құрбаны болды. Әрине, олар өздерін не күтіп тұрғанын білген жоқ. Құлдыққа сататын қыздарды алдап құрығына түсіретін әйел жақсылап жоспар құрады. Ол бір қыздың жігіті төбелесіп СИЗО-ға түскенінен хабардар болған. Осыны басты көзір етіп пайдаланып, қыздың туған күніне түрмедегі жігітінің атынан сыйлық ала келеді. Осылайша, бір ай бойы қыздардың сеніміне кіріп алған. Кейін Астанада сіңлісін өлімші етіп сабап кеткенін айтқан ол жаңа құрбыларынан өзімен бірге бас қалаға баруын өтінеді. Бір жағынан, қаланы көрсетпекші болған. Міне, осы оқиғаға оңай алданған екі қызды қаладағы бірінші бағдаршам маңынан "арнайы" такси күтіп тұрды", - дейді Усачева.

Маманның айтуынша, алаяқ әйел екі қызды 100 мың теңгеге сатып жіберген. Қуанышқа қарай, бордельге келген қыздардың бірі анасымен байланысқа шықты. Ол бордельге келушілердің біріне өзін еркінен тыс, алдап әкелгенін айтып, телефонын бере тұруды өтінген.

"Бұл оқиға жақсы аяқталғанымен, бұдан алар сабақ көп. Мәселен, адам саудасының құрбаны бола жаздаған қыздардың бірінің мінезі ауыр болып шықты. Отбасында жиі кикілжің болған. Оның үстіне, анасы қызын түсінудің орнына, осы оқиғаны бетіне баса берсе керек. Сол себепті, ол қатты депрессияға түсіп, біраз уақыт жан сақтау бөлімінде жатты. Тіпті, оған кіші сіңліңді де құлдыққа саламыз деген қоңыраулар келіп түскен. Сондықтан, өте сақ болған жөн", - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364791-kazakstanda-adamdar-kyldykka-kalaj-tysedi.html