RU

Тұрсынбек Қабатов Оралдағы мүгедектерді алдап кетті (видео)

"Базар жоқ" әзіл-сықақ театрының жетекшісі, Қазақстан бойынша гонорары ең қымбат асаба Тұрсынбек Қабатов Орал қаласының мүгедектерін алдап кетті.

Бұл туралы Серке сайты жазады.

Ол 2014 жылдың  күзінде Орал қаласына барған сапарында ұлттық қолөнермен шұғылданатын мүгедектердің кеңсесіне барып, солардың жұмысымен танысады. Сол сапарда Қабатов шеберлердің жұмысын жеңілдету үшін ағаш өңдейтін станок сатып алып беремін деп уәде берген.

Бұған қатты қуанған қолөнершілер Тұрсынбек Қабатовқа үш сандық, "Базар жоқ" театрына арнап мінбер жасап қояды. Бірақ, Тұрсынбек Қабатов сол кеткеннен мол кетеді – уәде еткен станок та жоқ, өзі де мүгедектерге қарасын көрсетпейді.

Қолөнермен шұғылданып жатқан мүгедектердің жетекшісі Біржан Кужаковтың айтуынша, Тұрсынбек Қабатов "Базар жоқ" театрымен наурыз айында Орал қаласына келіп концерт беріпті. Бірақ, қолөнершілерге соқпай кетіпті.

"Енді тіпті телефонын алмайтын болды", - дейді Біржан.

Оның айтуынша, қолөнершілерге Қабатов станок алып бергенде, кәсіпорын жұмысын кеңейтіп,  тағы бірнеше мүгедек адамдарды жұмыспен қамтуға болушы еді. Енді оған мүмкіндік болмай тұр.

Тұрсынбектің уәдесінен құлағдар болған он шақты жігіт "Біржан аға, бізді қашан жұмысқа аласың?" деп қиылып жүр екен.

"Мен оларға не айтарымды бімейім. Жақсы. Бір амалын табармын. Сізге бір өтініш, Тұрсынбек, телефонды алмасаң алма, мен ренжімеймін. Мүгедектердің сыйлығын тегін беремін, алшы. Мүгедектер бұл еңбегін саған шын ниетпен жасаған", - деп жазды Біржан әлеуметтік желіде.

Ал Тұрсынбек болса, телефонын көтермей қашқақтап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364810-tyrsynbek-kabatov-oraldagy-mygedekterdi-aldap-ketti-video.html