RU

Бойы аласа арулардың айтылмаған әңгімесі (видео)

Елімізде бойы аласа адамдар жайлы санақ жүргізілмеген. Сондықтан олар жайлы деректер де аз.

Ергежейлі болып жаратылған тұрғындардың тағдыры үнемі тасада қалатыны анық. Олардың тұрмыс-тіршілігі, тауқыметі, тіпті жетістіктері де көп жағдайда жарияланбайды.

Дегенмен, отандық эндокринологтар адам бойының өсуін тежейтін гармон тапшылығын емдеп жатыр. Ал өмірбақи бойшаң болуға ұмтылғандар спортта, өнерде биіктерді бағындырып жүр.

Алматылық Риана Иманғалиева үш жарым жаста. Анасы мен дәрігер бүлдіршіннің бойы мен салмағын ай сайын өлшейді. Анасының айтуынша, 9 айға толғанда балақайдың өсуі күрт баяулаған. Ал 1 жаста оның салмағы 7 келі, бойы 65 см-мен шектеліпті.

Рената Евсеева Аякөз қаласының тұрғыны. Ол 4 жасқа толғанда ағзасынан медицина тілімен айтқанда остеохондродистрофия дерті, яғни бойдың өсіп-өну қабілетінің бұзылғаны анықталады. Дәрігерлер Семейдегі ядролық сынақтан келген кесапатқа шипа таппаған.

"Өмірімнің өзге балалардан басқаша болатынын мен ерте түсіндім. Менің балалық шағым ерте аяқталды", - дейді суретші, психолог Рената Евсеева. 

Ренатаның қазір жасы 32-де, бойы 82 см. Кішкентай қызды анасы мектепте жетектеп емес, көтеріп жүріп оқытқан екен. Ата-ананың шексіз махаббаты оны армандауға, кедергілерге төзуге үйретті.

Аласа бойлы адамдардың жұмыс табу, қоғамдық көлікке міну, дүкенге бару, киім таңдау сияқты қиындықтары бар. Бір қуантатыны, ергежейлерге елімізде медициналық қызмет көрсету тегін, дәрі-дәрмектер де ақысыз беріледі.Тек, қанша бала бұл игілікті көріп отырғанын айту қиын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364821-bojy-alasa-arulardyn-ajtylmagan-engimesi-video.html