RU

Назарбаев: Мен үшін бүкіл Қазақстан алтын бесік саналады

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде ел азаматтары үшін бүкіл әлемге есік ашық екенін, бірақ Қазақстан баршаның қайта оралуға тырысатын орны болып қалып отырғанын атап өтті.

Бүгін мемлекет басшысы Алматы облысын "Ауылым – алтын бесiгiм" форумына қатысты. Іс-шараға Қарасай ауданының 5 мыңнан аса тұрғыны қатысты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қазақстандықтардың еңбегінің арқасында біздің республикамыз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде ғаламат табыстарға жетті, Тәуелсіздігін нығайтып, танымал әрі беделді елге айналды. Бүгінде біздің ынтымағымыздан өзге мемлекеттер үйреніп жатыр. Мен үшін бүкіл Қазақстан алтын бесік саналады, баршамызға да солай болуға тиіс. Адам өзінің балалық шағы өткен жерді ешқашан ұмытпайды, Үшқоңыр – мен үшін осындай жер. Жетісудың саф ауасы мен салқын самалды табу мүмкін емес. Ғажайып табиғат, сүйікті тауларымыз жылдар өтсе де, бұрынғыдай керемет", – деді мемлекет басшысы.

Президент ғылым мен өнердегі және басқа салалардағы көптеген көрнекті тұлғалардың ауылдан шыққанына назар аударды.

Олар бізге әкелеріміз арқылы берілген бірліктің, татулық пен келісімнің рухын сақтады

"Ауыл – халық руханиятының діңгегі, мәдениетінің мәйегі, елдігінің бастауы, дәстүрінің қайнар көзі. Қарасай жері ежелден көпэтникалық мәдениетімен белгілі, мұнда түрлі халықтар мен этностардың өкілдері өмір сүрді. Олар бізге әкелеріміз арқылы берілген бірліктің, татулық пен келісімнің рухын сақтады", – деді Назарбаев.

Елбасы мемлекеттің өңірлерді дамыту жөніндегі жүйелі саясаты нәтижесін бүкіл елден көруге болатынын айтты.

"Мен бұл өлкенің қалай гүлденіп келе жатқанын ұдайы назарымда ұстаймын және шынайы қуанамын. Былтыр Алматы облысында 20 мың жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша өңірде құны 283 миллиард теңге 48 жоба жүзеге асырылды. Соңғы екі жылда жолдарды қалпына келтіруге бір миллиард теңгеден бөлінді. "Орталық – Оңтүстік" және "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" магистралдерінің осы өңірдегі учаскелерінің құрылысына 50 мыңнан астам адам қатысатын болады. Былтыр облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынды", – деді президент.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әлеуметтік ахуалы жақсарғанын атап өтті.

"Былтыр өңірде 720 мың шаршы метр баспана салынды. Соның жартысына жуығы – Қарасай ауданында. Қаскелең қаласындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде ғана үш мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев бір кездері арасы шалғай болған Алматы мен Қаскелең бүгінде қосылып кеткеніне назар аударды.

"Алматы сияқты аса ірі қаланың жақын орналасуы ауданның дамуына оң ықпал етеді. Қарасай ауданында бүкіл облыс өнімдерінің үштен бірі өндіріледі, мұнда 20 шақты ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы ауданда дәрігерлік амбулатория, 4 мектеп және бір балабақша пайдалануға берілді", – деді мемлекет басшысы.

Президент жастарға жағдай жасау мәселесін де атап өтті.

"Дипломмен – ауылға!" жобасы бойынша Алматы облысына ғана 4 мың маман барды. Бүкіл Қазақстан бойынша жастар "Еңбекпен қамту – 2020" бағдарламасына сәйкес жұмысқа орналастырылуда", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ауылға деген қамқорлық өткеннің табысына сүйенетін елдің болашағына деген қамқорлықты білдіретінін айтты.

Бұлар – осы өлкеде туған ірі тұлғалар. Өскелең ұрпаққа олардың өмірін үлгі ету үшін мерейтойларын атап өткен жөн

"Биыл мемлекеттік деңгейде атап өтілетін тарихи даталармен бірге Сүйінбай ақынның да 200 жылдығы таяп келеді. Келер жылы Жамбылдың 170 жылдығы болады. Бұлар – осы өлкеде туған ірі тұлғалар. Өскелең ұрпаққа олардың өмірін үлгі ету үшін мерейтойларын атап өткен жөн", – деді президент.

Назарбаев жасампаз еңбекті қолдауға, азаматтардың бақуаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерге назар аударды.

"Арнайы Еңбек Адамы ордені тағайындалды. Біз бәріміз өз еңбегімізді және осы жылдары Қазақстанымызды соншалықты биікке көтере алғанымызды мақтаныш ете аламыз. Енді жаңа асуларды алуға тиіспіз. Сондықтан мен "Нұрлы жол" бағдарламасы мен халықтық бес реформаны ұсындым. Осы бағдарламалар арқасында біз үздік жетістіктерге жетеміз, ал әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылу ниетіміз лайықты мақсатқа айналады", – деп атап өтті ол.

Соңында мемлекет басшысы баршаға денсаулық, табыс және бақ-береке тіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364833-nazarbaev-men-yshin-bykil-kazakstan-altyn-besik-sanalady.html