RU

Ресейде Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіш стелла ашылды

Псков облысының Новосокольничий ауданындағы Монаково деревнясында әскери даңқ мемориалы ашылды, деп хабарлады Псков ақпараттық агенттігі.

«Монаково бүкіл Ресей картасында әр ұлт өкілдерінің: орыстар, беларустар, қазақтар, латыштар, грузиндер, армян жауынгерлерінің жан тапсырған жері ретінде белгіленген. Олар Жеңіс Күнін мейлінше жақындату үшін жан тапсырды», - деді жиналғандарға облыс губернаторы Андрей Турчак.

Ол, сонымен қатар, әскери мемориалдарды қалпына келтіруде көрсеткен көмегі үшін қазақстандық әріптестеріне алғысын білдірді.

Митингіден соң іздестірушілер тапқан 14 жауынгердің сүйектерін қайта жерлеу рәсімі өтті.

Қайта жөндеуден өткен мемориал Кремль қабырғасының бір бөлігі іспеттес, оған 2,5 мың кеңес одағы жауынгерінің аттары жазылған 20 гранит тақтайша, сондай-ақ белгісіз жауынгерлер рухына арналған тақтайша орнатылған. Қабырғада екі тақтайша жеке орнатылған.

Оның біреуі 1942-1944 жылдары 397 фашист әскерінің көзін жойған мерген Төлеуғали Әбдібеков пен екіншісі Александр Матросовтың ерлігін қайталаған барлаушы Григорий Постольниковқа арналған.

Осы жерде қаза болған 370 қазақстандық жауынгерге арналған ескерткіш жеке орнатылған. Әскери даңқ мемориал композициясында Кеңестер одағының батыры Әлия Молдағұлова мен латыштардың шаңғы полкының командирі подполковник Ян Райнбергке арналған гранит стеллласы ерекше орын алады.

Агенттік атап көрсеткендей, Монаковский қорымында 2,5 мың кеңестік офицер мен жауынгерлер жерленген, олардың 730-ы қазақстандық жауынгерлер, олардың ішінде Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлова да бар. Кешенді қайта жөндеуді «Майдан жолы» іздестірушілер жасағы мен павлодарлық мұражай қызметкерлері іске асырды.

Әлия Молдағұлова - кеңестік мерген, Ұлы Отан соғысы жылдары 2-ші Балтық жағалауы майданының 22-ші армиясының 54-ші жеке атқыштар бригадасында қызмет атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/751742-reseyde-aliya-moldaghulovagha-arnalghan.html