RU

Атақты №1 ханымдар: мемлекет басшыларының жұбайлары (фото)

Ел арасындағы "Асыл жар – ердің сәулеті", "Жақсы жұбай – жарым бақыт", "Жақсы әйел жаман ерін хан қылады, жаман әйел жақсы ерін даң қылады" деген нақыл сөздер ер кісілердің мансабындағы әйелдің рөлін айқындай түседі.

Тарих сахнасында ел басқаруда ерлеріне өз септігін тигізген Хилари Клинтон, Жаклин Кеннеди, Раиса Горбачева сынды президенттердің әйелдері ел аузына іліккен болатын.

Назарларыңызға lady.mail.ru сайты тізбектеген ең беделді бірінші ханымдардың есімдерін ұсынамыз.

1. АҚШ: Мишель Обама

АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обаманың әйелі Мишель, Forbes журналының рейтінгісіне сенсек, әлемнің ең танымал ханымы. Мишель Обама президенттің сайлау науқанына барынша атсалысып жүреді. Мишель қашанда сәнді киініп, пайдалы тағамдарды және спортты насихаттайды.  Ол Ақ үйде бақша өсіріп, спортқа әуестігін жасырмайды. Мишельдің шоуда өзін еркін ұстауы және билеп бергені талайдың таңдайын қақтырған болатын.

Франция: Валери Триервейлер

Франция президенті Франсуа Олландтың азаматтық әйелі Валери Триервейлерге модель әрі әнші Карла Бруни-Саркозиді басып озу оңайға соқпады. Валери - беделді журналист әрі үш баланың анасы.

Президентпен қарым-қатынасын ұзақ жасырып келген Валери Триервейлер некесін заңдастыруға асықпайды. Валери президенттің сайлау алды кампаниясын ұйымдастыруға барынша өз үлесін қосып, қазірде Олландтың басты кеңесшісіне айналды десек те болады.

Әзірбайжан: Мехрибан Әлиева

Мехрибан Әлиева Әзірбайжанның болашақ президенті Ильхам Әлиевке өзі медицина университетінің студенті болған кезде тұрмысқа шыққан. Әлиев жарының қолдауымен мансабында айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Мехрибан өз сұхбатында күйеуімен 20 жылда бар жақсы-жаман кезеңдерді бірге өткергенін айтты. Ханым бүгінде үш баланың анасы атанып отыр.

Катар: Моза бинт Насер аль-Миснед

Катар лидері, шейх Хамад бен Калифа-аль-Танидің үш әйелі бар. Алайда оның біреуі ғана күйеуімен көпшілік алдына шығу мәртебесіне ие болған. Шейх әйелі Моза бинт Насер аль-Миснедті саяси ортада көрсетуге лайық ару санайды.

Катар ханымы жабық киініп, ұлттық киімдерге оранып жүрсе де сұлулығымен талайдың таңдайын қақтырған. Ол тек көркімен ғана емес, ақылымен де көзге түскен. Моза Катар университетін тәмамдап, АҚШ-та іс-тәжірибеден өткен. Журналистер оны арабтық Грейс Келли деп атап жүр.

Ұлыбритания: Саманта Кэмерон

Премьер-министр Дэвид Кэмеронның жұбайы Саманта күйеуін қашанда қолдап жүреді. Демократияны жақтайтын премьер қарапайым өмір сүріп, метромен немесе велосипедпен жұмысқа барғанды ұнатады.

Әйелі бизнес әлемінде өз орнын сайлап үлгергенімен, премьер сияқты қарапайым жан. Ол Zara сияқты жай брендтерді таңдаса да, Vogue журналы Самантаны ең сәнді ханым деп атап үлгерді.

Сирия: Асма Асад

Сириялық басшы Башар Асадтың жары Асма Асад көпшілік алдында көріне беруді ұнатпайды. Ханым Лондонда білім алып, АҚШ-тың ірі қаржы компаниясында қызмет еткен. Кейін Сирияға келіп, Башарға тұрмысқа шығады.

Асма - Сирияның "либералды тұлғасы". Ол араб киімін кимей, адамдар өз таңдауын жасауға құқылы екенін дәлелдеуге тырысуда. Бүгінде Асма - үш баланың анасы. Саясатқа кей-кездері араласып тұрады. Жақында Сириядағы соғыс жағдайын ескере отырып, Асма күйеуін қолдайтын насихат ролигіне түсті.

Қытай: Пэн Лиюань

Си Цзиньпиннің әйелі Пэн Лиюань бұған дейін ұлы державаны басқарған лидерлердің әйелдерімен салыстырғанда, қоғамда белсенділік танытып, танымал болуымен ерекшеленді.

Ол шоу-бизнесте өз орнын тауып үлгерген. Қытайда ешбір жаңа жылдық концерт ханымның қатсыуынсыз өтпейді. 50 жасар Пэн жиі тегін қайырымдылық концерттер ұйымдастырады.

Эстония: Эвелин Ильвес

Эстония ханымы Эвелин президентпен СІМ министрі болған кезде танысқан. Екеуінің қарым-қатынасы жария етіліп, Эвелин БАҚ-та "Ильвестің көңілдесі" деген бағалауға ие болғасын, Томас Ильвес Эвелинге үйленеді.

Эвелин салмағының көп болуымен және стилінің болмауымен де сынға ұшыраған болатын. Алайда ол өзін қолға алып, салмақ тастап, бірталай өзгерістер жасады.

Грузия: Сандра Рулофс

Грузия президенті Михаил Саакашвилидің жұбайы Сандру Рулофс кезінде адам құқықтары пәнінің оқытушысы болған. Ол кезде Саакашвили саясатқа бет бұрмаған болатын. Сандра қарапайым жігіт үшін Еуропаны тастап, Михаилмен Тбилисге көшеді.

Рулофс күйеуі үшін грузин тілін меңгеріп шықты. Қазірде ханым 5 тілді, оның ішінде орыс тілін еркін меңгерген. Фортепиано мен флейтада ойнай біледі. Медицинадан да хабары бар жан-жақты тұлға.

Япония: Акиэ Абэ

Жапония премьер-министрі Синзо Абэнің жұбайы Акиэ Абэ әйелдердің де дауысы есепке алынуы керектігін дәлелдей алды.

Акиэ іс-шаралар мен саммиттерге жиі қатысады. Бірнеше жылдар бойы радио диджейі болып қызмет атқарған. Фламенко биімен әуестенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/753856-ataqty-10-khanym-prezidentterdinh-ayelde.html