RU

Алматы тұрғыны 4 жасар баласына ота жасату үшін халықтан көмек сұрайды (фото)

Баласы кемтар болып туған Алматы тұрғыны сайт оқырмандарынан ұлына ота жасату үшін көмек сұрады.

Келіншек қолы ашық, жомарт жандандардан көмек сұрау үшін NUR.KZ сайтына хабарласты.

Қарлығаш Қасымбекова 4 жылдан бері мүгедек ұлын жалғыз өзі асырап келеді. Ұлы Мейрамбекке туғалы бері екі рет ота жасалған. Мейрамбек қоянжырық, яғни, қызыл ерін, жұмсақ таңдай болып  туылған. Бүгінде анасы ұлы толықтай емделуі үшін қажетті қаражатты таба алмай отырғанын айтады.

Мейрамбектің әкесі ұлының мүгедек болып туатынын білген бойда Қарлығашты нәрестеден бас тартуға үгіттеген. Алайда, тұңғышын қалайда дүниеге әкелемін деп бекінген келіншек ұлынан бас тартқан күйеуімен ажырасып кетті.

«Бүгінде ұлымды асырап, өзім де жан бағу үшін біреулердің үйін жинап, кірін жуып беремін. Сол кезде қасыма ұлымды ертіп жүремін. Өйткені, оны балабақшаға алмайды, кісі жалдап қаратуға жағдайым келмейді. Тіпті, тамақтандыру қиын болғандықтан туыстарым да бұл балаға қарай алмайды. Ұлыма шыдайтын өзім ғана. Арнайы кемтер балаларды қарайтын орындарға өткізіп жіберуге кеңес бергендер көп. Бірақ өзегімді жарып шыққан ұлымды ондайға қимаймын», - дейді Қарлығаш.

Қарлығаш Қасымбекова «Барахолка» базары маңындағы баспананың бір бөлмесін айына 15 мың теңгеге жалдап тұрады.

Келіншек көршілерінің кеңесі бойынша азын-аулақ ақша мен тамақ береді деген соң, мешітке барған. Бірақ ол жердегілер «Жұмыс істе!» деп келіншектің өзіне ұрысып береді.

«Аздап киім берген. Алайда, киімдердің барлығы ескі болғандықтан түкке жараған жоқ. Қоқысқа тастадым», - дейді Қарлығаш.

Қарлығаш бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың да осындай дертпен туылғанын естіп, боксшыдан да көмек сұраған. Өкінішке қарай, Ермахан да жағдайым жоқ деп келіншекті шығарып салыпты.

«Содан бері  халықтан көмек сұрауға дәтім бармай қалды», - дейді Қарлығаш.

26 жастағы жалғызбасты келіншекке қайтадан тұрмысқа шық деп айтатындар көп. Алайда, мүгедек ұлын туған әкесі қабылдмаған соң, өзгелердің мейірімділік танытанына ол сенбейді. Сол себепті, тұрмысқа шығу туралы ұсыныстардың талайынан бас тартқан.

Оның бүгінде жалғыз ғана арманы бар. Қарлығаш тезірек ұлының сауығып, өз қатарымен бірге мектепте барғанын қалайды.

Қарлығаш Қасымбекованың телефон нөмірі - 8 747 644 50 85.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/765011-almaty-turghyny-4-zhasar-uly-tez-soylep-ke.html