RU

Қазақстандық спортшы аралас жекпе-жектен Азия чемпионы атанды

Тәжікстанның Худжанд қаласында аралас жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында батысқазақстандықтар Андрей Смирнов алтын, Асланбек Тәженов қола медальді жеңіп алды.

БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталған жарысқа Азияның сегіз елінен спортшылар қатысты. БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері, полиция капитаны А.Смирнов 93 келі салмақта үздік атанса, А.Тәженов 70,3 келіде үшінші орынды иеленді.

Айта кетейік, бұл жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырына көтерілді. А.Смирновтан басқа қарағандылық Кирилл Литвиненко (61,2 кг), ақтөбелік Гойти Дазаев (77,1 кг), атыраулық Жасұлан Хасимов (84 кг) алтыннан алқа тақса, тағы бір қарағандылық Алтынбек Бажимов (84 кг) күміс жүлдені жеңіп алды.

Худжандта сонымен қатар «Көшпелілер шайқасы-4» халықаралық кәсіби турнир де өткізілді. Мұнда тағы бір батысқазақстандық Еркінбек Инжел 84 келі салмақта жеңімпаз атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/767114-qazaqstandyq-sportshy-aralas-zhekpe-zhe.html