RU

Денсаулығында кінәрат бар оқушылар ҰБТ-ны жеке бөлмеде тапсыратын болды

Алматыда денсаулығында кінәрат бар балалар ҰБТ-ны жеке бөлмеде тапсырады. Бұл туралы  Алматы қалалық  білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева мәлімдеді.

«Бізде ҰБТ тапсыратын балалардың денсаулығына байланысты жеке отыратын орындар қарастырылған. Қазіргі таңда саулығында кінәрат бар балаларға арнайы жеке бөлмелер дайындалып жатыр. Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін 8 ЖОО ректорлары бұл жағынан хабардар», - деді Шимашева.

Сонымен қатар, басқармасы  басшысының айтуынша, Ұлттық бірыңғай тесттен бала екі алған жағдайда, бір жылға дейін  ЖОО түсуіне мүмкіншілігі жоқ.

«Ұлттық бірыңғай тестен бала бір немесе екі пәннен 2 алған жағдайда, баланың тест тапсырғандығы жөніндегі сертификаты өзінің күшін жояды да, оқушы  мектепте емтихан тапсырып, аттестатын қолына алады. Дегенмен, жоғары оқу орнына түсуге оның бір жылға дейін мүмкіншілігі жоқ. Егер бала 3 сабақтан екі алса, мүлде аттестат алмайды. Ол балаға тыңдалды деген анықтама қағазы беріледі», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, мектеп бітірушілердің ЖОО түсуі үшін жинаған ұпайлары 50 пайыздан кем болмауы керек. Ал Ұлттық жоғары оқу орындарына түсуді ойлайтындар үшін 70 пайыздан төмен болмағаны жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/767935-densaulyghynda-kinarat-bar-oqushylar-u.html