RU

Қарағандыда бейтаныс ер адам 10 жасар қыз балаға мектеп ауласында тап берді

Қарағандыдағы мектеп ауласында 10 жасар қызға бейтаныс ер кісі тап берді. Ол баланы оқшау жерге сүйреп әкетпекші болғанымен, қыз бала қашып құтылған. Шошынған бала анасымен түн жарымға дейін полиция бөлімшесінде болған.

Бұл туралы nv.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Демалыс күндері құрбысымен №17 мектеп ауласына ойнауға шыққан оқушыға гүл теріп жатқан кезінде белгісіз біреу тап берген.

"Ол әжесіне гүл термекші болған. Тізерлеп гүлді жерден жұла бергенде, бұталар арасынан ер кісі жүгіріп шығып, қызыма тап берді. Бір қолымен тамағынан басып, екіншісімен аузын жабуға тырысты. Қасындағы құрбылары жігітке қызымды босатсын деп айқайлай бастады. Қызым ер кісіден құтылып шығуға әрекеттенгенде, ол қалтасынан сынған бөтелкенің әйнегін алып шығып, қызымның қолын тіліп жіберді. Қолы қанап қалғанын байқаған құрбысы жедел жәрдем шақырту үшін телефонын қолына алды. Ер кісі полицияға хабар бермекші деп ойлап қалған болуы керек, қызымды бір сәтке босатқанда ол құрбысымен қашып үлгерді", - деп мән-жайды түсіндірді зардап шегушінің анасы Динара.

Оқушы әжесіне жүгіріп барып, болған жайтты айтып берген. Динара қызы жайлы ести салысымен оны емханаға апарады. Дәрігерлер жарақатын тігіп бергеннен кейін, анасы қызымен Жаңа-Майқұдық полиция бөлімшесіне арыз түсіруге барады.

Динара полицейдің дөрекілігіне ренжулі кеткенін жасырмады. Полицияда тергеушіге жібермес бұрын Динара қызымен бірге 5 сағат күтіп отырған. Сол уақыт аралығында оқиға орнына шыққан полицей оқиғаға куәгер құрбыларын шақыруды сұраған. Динара өзімен таксиге ақша алмағанын айтып, тергеушіден балаларымен бірге үйіне жеткізіп салуын өтінгенде, полицей келіскенімен, ақыры жеткізіп салмаған.

"Бізге сұрақтар қойып отырғанда шоколад ұстаған әйел кіріп келіп, бізді елемей, тергеушімен сыбырласып, әңгімеге кірісті. Кейін дәлізде біреу тергеушіге боқтық сөздер айтып, айқайлап сөйлей бастады. Мен аң-таң болдым. Балалардың көзінше қалайша балағат сөздер айтуға болады? Жарайды, бұл жайтқа үндемей-ақ қойдым. Бірақ тағы біреу кіріп келіп, бір істің құжаттарын сұрап еді, тергеуші де оны боқтап сала берді. Мен "Бұл жерде балалар отыр ғой! Өздеріңізді қалай ұстайсыздар?" - деп ескерту жасадым", - дейді Динара.

Динараның айтуынша, оларды сұрақ астына алу түн жарымға дейін созылған. Күдіктінің фотороботы құрылды. Тап беруші шамамен 20-25 жастағы келбеті азиялыққа жақын келетін, қара киім киген жігіт.

Оқушының анасы полицейлер үйіне жеткізіп салуға берген уәдесін орындамағанын айтты.

"Маған кезекші топ келе жатыр күте тұрыңдар дейді. Мен оларға балаларым аш екенін айтып, "жеткізіп салар басқа ешкім жоқ па?" деп сұрап едім, олай болса такси шақыртыңыз деп жауап қайтарды. Мен таксиге ақша жоқ деп едім, тергеуші күте тұрыңыздар деді де жоқ болып кетті. Ақыры күтпей кетіп қалдым. Түнгі он екі шамасында үш баламмен өткінші жүргізушілерді тоқтатуыма тура келді", - дейді Динара.

Оқушының анасы полицияға ренішінен бұрын қылмыскердің әлі ұсталмағанына алаңдайтынын жеткізді.

Айта кетерлігі, сол күнде №17 мектеп алдында орнатылған камера өшірулі болғасын, бұл жайтты видеоға жазып алмағаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/773662-qaraghandyda-beytanys-er-kisi-10-zhasar-qy.html