RU

Жапонияда бір топ адамның үстіне алып батпырауық құлап, 4 адам зардап шекті

Жапонияда салмағы 700 келіні құрайтын батпырауық 200 метр биіктіктен бір топ адамның үстіне құлады. Салдарынан «Үлкен батпырауық» фестиваліне қатысып жүрген төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Вести-ге сілтеме жасап Bnews.kz.

31 мамыр күні орын алған оқиға салдарынан үш адам, соның ішінде 73 жастағы ер адам, сондай-ақ жеті жасар бала жапа шекті. Ауруханаға түскен қария әлі ес-түссіз жатыр.

The Japan Times атап өткендей, батпырауықтар фестивалі Сига префектурасында жыл сайын өткізіледі. Жергілікті синоптиктердің мәліметінше, биыл өңірде қатты дауыл соққан. Өлшемі 13 және 12 метрді құрайтын батпырауық қатты желдің әсерінен құлаған болуы мүмкін. Қазір тәртіп сақшылары аталған фактіге қатысты тергеу жұмыстарын бастады.

Бұған дейін Вьетнамда батпырауықпен байланысты жантүршігерлік оқиға орын алған еді. Батпырауықтың бірін аспанға ұшыру кезінде оның бауы кішкентай баланың аяғына оралып, оны көтере жөнелген. 18 метр биіктіктен құлаған бес жасар бала ауруханаға барар жолда көз жұмды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/773714-zhaponiyada-bir-top-adamnynh-ustine-alyp.html