RU

Атырауда опырылған үй тұрғындарына пәтер берілетін болды

Атырауда отбасылық жатақхананың бір бөлігі қирап, 31 мамырда тұрғындар үй-күйсіз қалған болатын. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев оларға пәтер беріледі мәлімдеді деп жазды 24.kz.

Осы күнге дейін бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілген. Бірақ ескі ғимараттың бір жағы ақыры опырылып түсті. Қала әкімінің айтуынша, алдағы аптада осы апатты үйдің тұрғындарына жаңа пәтер кілті беріле бастайды.

"«Нұрсая» ықшам ауданында 240 пәтерлік 9 қатарлы коммуналдық меншіктегі үй құрылысы бітті. Келесі аптада барлық тұрғындар соған көшіріледі. Құрылыс жұмыстары аяқталып, мемлекеттік қабылдау актісі қабылданғаннан кейін, барлығы сонда толықтай көшіріледі деп жоспарлап отырмыз. Қазір апат болған үйден көшірілген 133 адам уақытша арнайы жатақханамен қамтылды. Оған қоса үш мезгіл ыстық ас беріліп, қажет еткен жандарға медициналық жәрдем көрсетіліп жатыр", - дейді қала әкімі Нұрлыбек Ожаев.

Еске сала кетсек, қаланың қақ ортасында орналасқан 5 қабатты жатақхананың 3 қабаты опырылып түсткен еді. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар тұрғындарды дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшірді. Жалпы, бұл жатахқана құзырлы органдар тарапынан 2010 жылы апатты деп танылып, сүрілуге тиісті ғимараттардың тізіміне енгізілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/773777-atyrauda-opyrylghan-uy-turghyndaryna-p.html