RU

Батыс Қазақстанда 13 жастағы жеткіншек суға батқан екі қыз баланы құтқарып қалды

Батыс Қазақстан облысы Зеленовск ауданы Достық ауылында 7-сынып оқушысы Никита Тюкин суға батқан екі қыз баланы құтқарып қалды. Қыздардың бірін жеткіншек су астынан бір минут бойы іздеп, алып шыққаннан кейін есін жинатқан.

Бұл туралы "Уральская неделяға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Ауылдық округ әкімінің аппаратынан Шаған өзенінде шомылмақ болған екі 13 және 12 жасар қыздың суға батып, қаза болуға шақ қалғаны туралы хабарлады. Абырой болғанда, оқиға орнында болған 13 жастағы Никита оларды құтқарып үлгерген.

Жетінші сынып оқушысы өзенге құрбысымен бірге барған. Жолда олар ауылдас екі қыз баланы жолықтырған. Қыздардың бірі Никитаның сыныптасы екен. Жеткіншектер бірге шомылуға баруды шешкен.

"Досым дүкенге кетіп қалған болатын. Біз үшеуіміз шомылуға кеттік. Мен жүзіп жүргенде қыздар артымда жүзіп келе жатқан еді. Бұрылып қарасам, қыздардың бірі тұншығып жатыр. Мен оны ұстап алып, жақынырақ болғасын өзеннің қарсы жағалауына алып шықтым. Оны сүйреп әлек болғанша, екінші қыз су бетінен жоғалып кетті", - деп есіне алды Никита.

Бір қыз баланы құтқарған жеткіншек, екіншісін іздеуге кіріскен.

"Жағалаудан оның құрбысы маған жүзген жерлерін көрсетіп тұрды. Мен қайта-қайта суға сүңгісем де оны таба алмадым. Бір кезде аяғыма оның денесі тигенін сездім. Содан кейін тереңдікке сүңги жөнелдім. Ол өзеннің түбінде көкпен-көк болып, ес-түссіз жатыр екен. Мен оны иегінен ұстап, жағаға алып шықтым", - дейді оқушы.

Қыз бала ес-түссіз демалмай жатқасын, Никита оны жүрек тұсынан уқалап, есін жинатқан. Қыз жұтқан суын кері шығарып, тынысы қалпына келген. Ол біраз уақыт қозғала алмай, көзі көрмей қалғанын айтқан. Кейін денсаулығы қалпына келген.

Басында қатты ыстығы көтерілген қыздар қазір өздерін жақсы сезінуде.

Никитаның анасы Ольга құтқарылған қыз балалардың ата-анасы келіп, ұлына ерлігі үшін алғыс білдіргенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/774930-batys-qazaqstanda-13-zhastaghy-zhetkinshek.html