Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Психолог оқушылардың ҰБТ-ға дайындық кезінде қысымға ұшырайтынын айтты

Опубликовано:

Психолог балалардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық кезінде де, сынаққа, емтиханға кірер сәтте де қысымға ұшырайтынын айтты.

Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры Маргарита Өскенбаева елде жыл сайын өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде балалардың құқықтары бұзылады деп біледі.

"Тест тапсыруға келген баланы мәжбүрлеп, сырт киімі мен аяқ киімін шешкізеді. Бұл сынаққа келген баланың жағдайын тіпті күрделендіреді. Балалар психологы ретінде айтарым, баланы тінту арқылы оған сенбестігімізді білдіреміз", – дейді Маргарита Өскенбаева.

Оның пікірінше, «балаға ата-анасы мен жақындарынан өзге ешкім қол тигізуіне болмайды, сондықтан ҰБТ-ға кірерде оқушыларды бұлай тінту – қатігездік».

Маргарита Өскенбаева ҰБТ тапсыруға дайындық та мектеп оқушыларының психикасына қатты әсер ететінін, емтихан тақаған сайын балалардың жүйкесі тозып, білімі нашарлай түсетінін айтады.

"Біз Алматы қаласының екі мектебінде – 48 және 68-мектептерде баланың интеллектісін тексеретін Амтхауэр тестін өткіздік. Ақпан айында жасаған тест оқушылардың ой-өрісі жоғары екенін көрсетті. Кейін мамыр айында өткізген тест оқушылардың ой-өрісі дамудың орнына жартылай түсіп қалғандығын көрсетті", – деді ол маусымның 4-і күні Алматыда өткен жиында.

Маман оқушылардың интеллектісі төмендеуіне олардың психологиялық ахуалы себеп болған деп болжайды.

"Мұның себебі – дәл осы кезеңде балаларды ҰБТ-ға қызу дайындады, сабақтар дұрыс өткізілмеді, педогогтар мен ата-ана тарапынан психологиялық қысым жасалды. Бала шаршайды, білімі төмендейді, шыдамағандары өз-өзіне қол жұмсайды", – дейді Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институтының директоры.

Өскенбаева «әлемдік тәжірибеде адам психикасына кесірі тиетін мемлекеттік бағдарлама тоқтатылуы тиіс, сондықтан Қазақстан да ҰБТ-ға қатысты мұндай мәселеге бейжай қарамағаны жөн» деп біледі.

Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) жиынына қатысушы азаматтық белсенділердің енді бірі балалар жоғару оқу орнына түсу үшін емтиханның қандай түрін (жазбаша не ауызша) таңдайтынын өздері шешуі керек деп біледі. «Шығармашылық бастама жасаушы әйелдер лигасының» төрайымы Әсия Хайруллина БҰҰ-ның «Бала құқығы» туралы конвенциясында балаларда таңдау құқығы бар екенін айтады.

"Соның негізінде біз балаларға ҰБТ-ға балама емтихан ұсынуымыз керек. Алайда бізде ол жоқ. Соның кесірінен бірқатар оқушылар шетелдік оқу орындарына кетіп жатыр. Оқуға түспей қалып жатқандары қаншама", – дейді ол.

ҮЕҰ өкілдері «Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ға қатысты мұндай мәселелерді өздері ғана емес, жергілікті мұғалімдермен және психолог мамандарымен ақылдаса отырып қолға алуы керек» деп біледі. Олар сондықтан білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өздерімен кездесуін талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/778271-psikholgtar-oqushylardynh-ubt-gha-dayynd/

pixel