RU

Назарбаев Астанадағы орманды қазақстандық кереметтің бірі деп атады

Астананың туған күні қарсаңында ылғи қаланың төңірегін аралап шығатын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін де бұл алқапқа қарап, жүрегі шаттыққа бөленетінін жеткізді деп хабарлайды BNews.kz.

"Елорданы Ақмолаға көшірген кезде, 1997-1998 жылдары қаланың ішіндегі климат нашар болатын. Қаланың ішін шаң басып кететін. Қаланың ішін неге шаң басады деп ойлағанымда, қаланың сыртындағы тақыр жердегі топырақты жел көтеріп әкеледі деп ойладым. Сондықтан, алдымен қалада бос жатқан жерлердің барлығына газон егіп, қаладағы шаңды бастық. Қазір қалада шаң жоқ. Екінші бір мәселе, жел өтінде тұрған Сарыарқаның сар даласында, қаланың төңірегінде орман болса, жел сол орманға келіп, жоғары кететін еді. Яғни, қаланың ішіндегі жел азайсын, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай орнасын деп ғалымдарды шақырып алып, орман егейік дедім. Сонда барлығы "бұл жерге орман өспейді, топырағы көміртекті" деген болатын. Соған қарамастан, ағаш отырғыза бастадық...Кезінде біздің жоспарға шүбәмен қарайтын. Бірақ біз бұл орманды өсіріп, болашақ ұрпаққа қазақстандық кереметтің бірін қаладық", - деді мемлекет басшысы Назарбаев.

"Астананың туған күні қарсаңында ылғи жасыл белдеуді аралап, жүрегім шаттанады, шынын айтқанда. Осыны қолымызбен салғанымыз рас па, өтірік па деп таң қаласың. Тікұшақпен қаланың төңірегін аралап шықтым, көкжиекке дейін орман", - дейді мемлекет басшысы.

Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның бүкіл жастарына "бір тал ексеңдер де, оны бағып, ағаш қылып өсіріңдер" деп, ұран айтып жүретінін жеткізді.

"Жасыл ел" бағдарламасы бойынша жастарға үнемі ұран тастап жүремін, әрқайсысың бір ағаштан отырғызсаңдар да, соны өсіріңдер деймін ылғи. Кең байтақ жеріміз бар, бірақ, орманымыз аз. Жалпы, барлық жерде ағаш өседі тек еңбектену керек. Мынаны қараңыздаршы, осы орман алқабын салуға қаншама адамның тері төгіліп жатыр. Жер жырту керек, тыңайту керек, суару керек, кішкентай бала сияқты өсіру керек. Айдалада қанша еңбек жасалып жатыр. Сондықтан, орманшыларымызға рақмет!", - дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/780554-nazarbaev-astanalyq-ormandy-qazaqst.html