RU

Қазақстанда неке жасын азайту керек пе?

Жылына елімізде 3 мыңға жуық кәмелетке толмағандар жасанды түсік жасатады. Жеткіншектердің босанып жатуы да аз кездеспейді. Сол себепті, жас аналарға заңды әйел атану мүмкіндігін беру үшін некенің жасын төмендету қажет деген пікір айтылуда.

Бұл туралы "Караван" газетіне сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Неке жасын төмендету ұсынысы бұған дейін парламент деңгейінде де талқыланып үлгерген. Алайда бұл ұсыныс мәселені шеше алады ма?

Қазақстанда неке жасын төмендетуді қолдамайтындар да баршылық. Басты қорқыныш - бұл қадам күштеп ерте неке қидырту жағдайларын көбейтіп жіберуі мүмкін. Қоғамдық қауымдастық сарапшылары бұл мәселенің онсыз да ушығып тұрғанын айтуда.

Жыл сайын Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында 3000 неке тіркеледі. Мұндай неке ауылдарда жиі көрініс табады. Аймақтар бойынша алғашқы орынды Алматы иеленді. Одан кейінгі орындарға Атырау, Алматы және Қарағанды облыстары жайғасқан.

"Әйелдердің шығармашылық ынтасы" қоғамының басшысы Әсел Хайруллинаның айтуынша, мұндай жағдайда әйелдің еркіндік құқықтары тапталып, физикалық, психикалық зорлыққа тап болады. Әсіресе білім алу құқығы бұзылады. Себебі, жастайынан тұрмысқа шыққан жеткіншек тіпті мектебін бітіре алмай қалады. Ақыры мамандығы, білімі жоқ бойжеткендер өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінен де айырылып жатады.

Кей құқық қорғаушылар ерте некеге жол беру қауіпті екенін жасырмайды. Олар, әсіресе жасы келгендер өзіне немере болуға жарайтын жеткіншекті әйелі қылуын заңды дүниеге айналдыру жақсылыққа апармайды деп есептейді.

"Мен құқық тұрғысынан айта аламын. Баланың балалық шағы болуы керек. Ал біз некенің жасын заңды түрде төмендеткеннен не табамыз? Негізінен жастайынан тұрмысқа күштеп берілетін қыздар зардап шегеді. Шыны керек, олардың көбісін қалталы ер кісілерге беріп жатады. Бұл кімге тиімді екені бірден түсінікті", - дейді парламентаризм қорының президенті Зәуреш Баталова.

Оның айтуынша, ерте жүктілікпен күресу үшін неке жасын төмендетіп, заңды өзгертудің еш қажеті жоқ. Тек жеткіншектерге дұрыс балалық шақ пен жақсы тәрбие беру керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/780611-qazaqstanda-neke-zhasyn-azaytu-kerek-p.html