RU

Сағатова Сәпиевті Муз-ТВ кешінде таныстырмауының себебін айтты

Астанадағы Муз-ТВ кешінде жүргізуші болған қазақстандық әртіс Әсел Сағатова не себепті бокс чемпионы Серік Сәпиевті таныстырмай өткендігін түсіндірді.

Сағатова өз Instagram парақшасында сынға алғандарға жауап жазды.

"Муз-ТВ кешін өткіздік. Ең ұзақ - 9 сағатқа дейін созылды. Мен үшін эмоциялық тұрғыдан ең күрделі әрі аяқ-асты жасалған іс-шара. Достар, бізді шеберлігімен он есе асып түстетін ресейлік әріптестерімізбен салыстырмауларыңызды сұраймыз.  Өкінішке қарай, мұндай деңгейдегі концерттер бізде өте сирек өтеді. Сол себепті, бұның бәрі бізге таңсық дүние болғанымен келісетін шығарсыздар? Біздің сүйікті чемпионымыз, біздің мақтанышымыз - Серік Сәпиев сахнаға аяқ-асты шыққаны (оның орынан жүлдені өзгелер табыстауы тиіс болатын - әртістің ескертпесі) және сахнаның басқа шетінен оның бет-жүзін анықтап қарай алмағаным өте өкінішті. Осының салдарынан Серікке өзін таныстырып тұруға тура келді. Алайда мұндай форс-мажорлар кез-келген жерде орын алуы мүмкін. Бұл тікелей эфир. Және тек кішігірім жерлерде қателіктер жіберілді. Сіздердің сезімдеріңізге әсер еткенін түсінемін. Менің осы қателік үшін ұйымдастырушыларға ызалануға да күшім қалмады. Сіздер мені де кешіріңіздер!!! Біз өзіміздің қатысуымызбен аз да болса жақсы үлес қостық деген үміттемін. Барлықтарыңды жақсы көремін! Барлықтарыңа жақсылық тілеймін!", - деп жазды Сағатова парақшасында.

Еске салсақ, МУЗ-ТВ жүлдесінің кезінде "Үздік рок тобы" аталымында Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев пен ресейлік актриса Настасья Самбурская марапаттаған болатын. Алайда жүргізушілер Максим Галкин мен Әсел Сағатова оларды таныстырмады.

"Настасья, меніңше, бұл бокстан әлем чемпионы" деп сұрақ қойды Галкин.

"Мені білмейтіндеріңіз болса, менің аты-жөнім Серік Сәпиев, мен бокстан Олимпиада чемпионымын", - деп іле кетті боксшы "Астана-Арена" аренасына жиналған халықтың қошеметіне бөленіп.

Боксшы Сәпиев те бұл оқиғаға байланысты өз пікірін айтты деп хабарлады Tengrinews.kz.

Сәпиевтің айтуынша, оны шара ұйымдастырушылары жүлде табыстау үшін емес, қонақ ретінде шақырған.

"Мені МУЗ-ТВ жүлдесіне шақырды, содан кейін бір адам келіп, сахна артына қарай шақырды, ол маған марапаттайтынымды айтты. Сахна сыртында тұрғанда жүргізушілердің кімнің марапаттайтыны туралы естімей қалғанын көрдім. Шығуыма тура келді. Күтіп-күтіп, өз-өзімді жариялауым керек болды", - деді боксшы.

Олимпиада чемпионы ұйымдастырушыларға өкпе-ренішінің жоқ екенін айтты.

"Тағы бір мәселе шықты - біз басқа аталым бойынша марапаттауымыз керек еді, бірақ басқаларды шақырды, сосын біз "Звери" тобын марапаттауға шықтық, шатасып кеткендей болдық. Иә, кейін ұйымдастырушылар кешірім сұрады, бірақ мен ештеңе болмағанын айттым. Кейін видеоны қайталап көрдім, күткенім, жүргізушілерге қарап тұрғаным байқалады. Иә, Асель Сағатова мені көрмей қалды, ал көрсе таныстырар еді ғой", - деді Сәпиев.

Айта кетерлігі, ресейлік БАҚ бұл жайтты баяндау барысында Серік Сәпиевтің орнына оқиға қатысушысы ретінде қазақстандық өзге боксшы Бақыт Сәрсекбаевты айтқан.

Серік Сәпиев - қазақстандық боксшы, 2005 және 2007 жылдары әлем чемпионы, 2012 жылы олимпиада чемпионы. Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері.  Сонымен қатар 2012 жылғы Вэл Баркер кубогының иегері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/780677-saghatova-sapievti-muz-tv-keshinde-tany.html