RU

Психологтар Қазақстанда педофилияның өршуінің себебін айтты

Елдің әр түпкірінен педофилдердің құрықталуы туралы хабарлар халықтың арасында пікірталас тудырды. Не себепті елде педофилдер көбейіп кеткенін "Караван" басылымына психологтар айтып берді.

"Қоғамда психосексуалды тұрғыдан ауытқулар байқалатын адамдар көбейіп кетті. Олар негізінен педофилдерге айналып жатады", - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеу әлеуметтік және сот психиатриясының ғылыми орталығы сот сексологиясы зертханасының басшысы Георгий Введенский. Ол педофилия бұрындары да болғанын, алайда бұл жайттар ол кездері жасырын күйінде сақталып келгенін айтты: біреулер ақша беріп құтылса, екіншілерін туысқандары жазадан құтқарып алатын.

Медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-әдістемелік орталығының қызметкері Ғали Жолдығұлов балаларға писхикасында ауытқулары бар еркектерден өзге ішімдіктен масайғандар да тиісетінін айтуда. Ол бұған ер кісілердің моральдық тұрғыдан төмен болулары мен тәрбиенің нашар болуы себеп деп есептейді. Алайда олардың барлығын педофилдер деп атауға келмейді.

Жолдығұлов педофилдердің отбасылы, балалы-шағалы болуларына қарамастан, жыныстық әуестігін тоқтата алмайтынына назар аудартты.

"Педофилдер кішкентай баламен жыныстық қатынасқа түсу туралы ойдан арыла алмайды. Оған әуестігі шектен шығып кетеді. Бұл тұрғыда олардың аздап "қажет пе, қажет емес пе?" деп ойлануы да кездесіп жатады. Ақыры “қажет” деген ойы басымырақ түседі!", - дейді психолог, педофилдер мен маньяктардың ортақ белгілерін тізбектеп.

Жолдығұловтың айтуынша, педофилдер өздерінің қандай іске барғандарын түсіне ме, жоқ па деген сауалға нақты жауап беру мүмкін емес. Алайда, ол өздеріне тоқтау сала алмайтыны анық.

Психолог кәмелетке толмағандарға анайы қылық танытатындар көбіне жасы 50-ден асқан ер кісілер екенін, бұған миларындағы өзін бақылауда ұстауға жауап беретін тамырлардың сырқатына байланысты баратындарын алға тартты.

"Баланы педофилдерден аулақ ұстау үшін, ата-аналар оларға бейтаныс адамдармен өзін қалай ұстау керектігін үйретулері тиіс. Бөтен адамдармен сөйлеспеу керектігін және олардың өтініштеріне жауап бермеу керектігін түсіндірулері қажет. Ал педофилдерден зардап шеккен жеткіншектерге бұл жағдайды барынша ұмыттыруға тырысу керек", - дейді маман.

Еске салсақ, соңғы кезде сексуалдық қылмыстардың көбеюіне байланысты әлеуметтік желілерде белсенділер педофилдерге өлім жазасын қайтару керек деген петиция тарата бастаған болатын. Ал химиялық піштіру мәселесі тіпті үкіметте қарала бастады.

Көктемде орын алған көптеген педофидерге қатысты оқыс жағдайлар қазақстандықтардың жағасын ұстатқан еді. 18 сәуірде Қарағандыда кәмелеттік жасқа толмағандарға анайы қылық танытқан ер кісі құрықталды. Ер кісі өз кінәсін мойындап, тергеу жүргізілуде.

16 мамырда Жамбыл облысы Мерке ауылында 4 жасар баланың жоғалғаны хабарланды. Көп ұзамай полицейлер баланың мәйітін тапты. Белгілі болғандай, кішкентайды 54 жастағы көршісі алдап, үйіне кіргізген. Кейін зорлап, тұншықтырып өлтірген.

17 мамырда Павлодарда ер кісі 10 жастағы қызды зорламақ болған. Алайда, оны қылмысын жүзеге асырмай жатып құрықтаған. Коллектор қасында орналасқан үйдің тұрғындары 40 жастағы педофилдің кішкентай баланы жылатып, тиісіп жатқанын естіп қалады. Олар оқушыны құтқарып, қылмыскерді полицейлерге тапсырады.

19 мамырда әлеуметтік желілерде бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеожазба пайда болды. Онда Алматы үйлерінің біріндегі подъезде ер кісі қыз балаға тиісіп жатқаны байқалады. 12 мамырда орын алған бұл жағдайдан кейін, полицейлер күдіктіні құрықтаған.

Мамырдың аяғында қазақстандықтарды Атырау облысында болған жайт есеңгіретті. 28 жастағы ер кісі 3 жыл бойы өзінің кәмелетке толмаған өгей қарындасын зорлап келген. Ол 12 жасқа жаңа келген қыз баланы зорлап, 3 жыл бойы қылмысын тоқтатпаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/780873-psikhologtar-qazaqstanda-pedofiliyany.html