RU

БҚО-да сәтсіз жасалған отадан 4 жастағы бүлдіршін көз жұмды

БҚО-да сәтсіз жасалған операциядан 4 жастағы бүлдіршін мерт болып, осыдан кейін денсаулық сақтау саласының бірнеше қызметкері жұмыстан босатылған деп жазды 24.kz.

Оқыстан көз жұмған баланың анасы ота жасаған хирургті өз міндетіне салғырт қарады деп айыптап отыр.

Арызданушының айтуынша, дәрігер оны баласының қан құрамында тромбоциттер деңгейінің аздығына қарамастан, операция жасауға көндірген. Балғынның мұрын қуысындағы ісікті алып тастауды көздеген операция Зеленов аудандық ауруханасында жасалды.

Осы қайғылы жағдайдың ақ-қарасын айыру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрды. Алдын ала мәлімет бойынша, №5 емхана мен операция жасалған Зеленов аудандық ауруханасының қызметінде шикіліктердің бары анықталып отыр. Мәселенің мән-жайын анықтауға құқық қорғау органдары да кірісіп кетті.

"Қазір осы медицина мекемелерінің қызметі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тексерілуде. Отоларинголог дәрігер Қамкиевтің облыс аумағында операция жасауына тыйым салынып, лицензиясын тоқтату, сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс маманы лауазымынан айыруға шешім қабылданды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/781041-bqo-da-satsiz-zhasalghan-otadan-4-zhastaghy.html