RU

Перуашевтің кеңесшісі журналист Сырымбек Төлеуді сабап тастады

"Ақ жол" төрағасының кеңесшісі партия газетінің тілшісін соққыға жықты. «Қазақ үні» басылымының журналисі Сырымбек Төлеуді жалдамалы  пәтерде бірге тұратын қызметтесі «тамақ істемедің» деп тепкілеп тастаған.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Жас тілші қатты соққыдан ауыр жарақат алдым дейді. Азат Перуашевтің кеңесшісі Айдын Ырысбекұлы одан әуелі қарызға ақша сұраған. «Жоқ» деген жауап естіген соң, «неге тамақ істемедің?» деп жұдырық ала жүгіріпті.

Сырымбектің айтуынша, ол бөлмені іштен бекітіп, қарақұсынан, өкпесінен  ұрып, өлтіремін деп сес көрсеткен. Дем жетпей, тынысы тарылған  жігітті тоқпақтан үй қожайыны арашалап алған. Сөйтіп,таяқ жеген тілші тұрып жатқан  пәтерінен қашып кетуге мәжбүр болыпты.

Ал өз баласындай жігітке  жұдырық сілтегіш «ақжолдықпен» тілдескіміз келгенімен, ол  телефонын сол күйі көтерген жоқ. Жәбірленуші журналист болса, 44 жастағы Перуашевтің кеңесшісі Айдын Ырысбекұлының үстінен полицияға арызданып қойды.

"Арқамнан, өкпе тұсымнан сол жерден жұдырығымен қатты батырып ұрды. Мен құладым жерге. Сосын қашып кетуге әрекет еттім. Үйіміз бірінші қабатта болса,терезеден секіріп кетуге болар еді. 5-ші қабат  болғандықтан мен қалай секіріп кетем?. Маған өмір керек, өмірім жас", - дейді  журналист Сырымбек Төлеу.

26 жастағы партия газетінің тілшісі істі сотқа дейін жеткізбек. Ал «Ақ жолдың» жетекшісі бұл шатақты КТК тілшілерінен естіп таң қалды.

"Кім кіммен тұрады, қалай тұрады, ол өздерінің шаруасы ғой. Бала емес, ересектер екеуі де. Мен оларға тәрбиеші емеспін. Алдымен өзара шешсін жігіттер. Немесе сот шешімі болсын. Сосын көрейік", - дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/781110-peruashevtinh-kenhesshisi-zhurnalist-syr.html