RU

Қостанай облысында арам өлген мал саны 60-қа жуықтады

Тобыл өңірі Торғай аумағында көктемнен бері алпысқа жуық қара мал арам өлген. Алайда, жергілікті билік үй жануарларының жаппай қырылуы киіктерге келген кеселмен байланысты болуы мүмкін дегенді жоққа шығарып келеді.

Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов хабарлады. Ол қазіргі таңда үй жануарларына келген топалаң тоқтағанын айтады.

Шенеунік алдын-ала жасалған болжамы бойынша, тана-торпақтардың өлімі жұқпалы індеттен емес. Қыстан көтерем шыққан түліктер толассыз жауған жаңбыр мен күн райының күрт ысуынан әлсіресе керек.

Дерекке сүйенсек, аймақта 400 мыңнан астам ірі қара мал бар. Ал арам өлген жануарлардың саны 3 пайыздық деңгейге жетпейді. Сондықтан жаппай «қырылып жатыр» деп айту артық деді - облыс әкімінің орынбасары.

"Ауданға барлық шараларды қолданып жатырмыз. Соның басында барлық ветеринарлық службалар жұмыс істеп жатыр. Оның сыртында жаңағы ауырған мал көзге түсетін болса, малдың иесінің айтуынмен керекті дәрілерді беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы мал қаралып жатыр, - деген ол өңірде жоқ. Кеше мені өзім сенбі күні барып келдім. Мал иелерімен кездестім. Соның біреуі де міне бүгін мал өлді деп көрсеткен жоқ", - дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.

Дегенмен, ірі-қара Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында да жаппай қырылуда. Аталған өңірде қазірдің өзінде 22 бас сиыр мен 7 жылқы өлген.

Бұдан ертеректе тап осы Ырғыз ауданында киіктер қырылғаны мәлім. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар мұндағы үй жануарларына пастереллез дертіне қарсы вакцинация жүргізілгенін хабарлады. Әзірге жануарлардың қырылуының нақты себептері белгісіз.

Тиісті сынамалар жергілікті ветеринариялық зертханаға жөнелтілген. Нәтижесі шамамен он күннен кейін белгілі болады.

"Пастереллезге  вакцинация жүргізіліп жатқан. Оның үстіне біз тағы да қосымша 9 мың 600 доза вакцина алып, бүгінгі күнге осы 2 ауданда жаңағы өткенде киіктер өлген шекаралас аумақтардағы ауылдарда вакцинация жүргізіп жатырмыз", - дейді Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының орынбасары Құсайын Сәрсенбай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/781856-qostanay-oblysynda-aram-olgen-mal-san.html