RU

Бишімбаев "Болашақ" түлектері тек ұлттық компанияда жұмыс істейді деген пікірді жоққа шығарды

«Болашақ» түлектерінің тек 2 пайызы Қазақстанның ұлттық компанияларында қызмет етуде.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Болашақ» түлектері негізінен ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда жұмыс істейді деген жалпы пікір қалыптасқан. Статистикаға сүйенсек, жағдай олай емес. Атап айтқанда, түлектер өздерінің әлеуетін өзге де бағыттарда жүзеге асыруда», - деді Бишімбаев.

Оның айтуынша, бағдарламаның жартысына жуық түлектері, яғни 47 пайызы жеке компанияларда жұмыс істеуде. Оның ішінде халықаралық компанияларда - 13 пайызы, ұлттық компанияларда 2 пайызы қызмет етіп жатыр. Қалған 53 пайызы бюджеттік сала мен мемлекеттік қызметте жұмылдырылған.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның деректері бойынша 8 мыңнан  аса қазақстандық «Болашақ» бағдарламасының түлектері болып табылады.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Ермек Мақашевтың сөзіне қарағанда, бүгінде 150-ге жуық  түлек жұмыс іздестіруде.

Осыған байланысты «InternshipBolashak» тағылымдамалар  бағдарламасы бастау алды. Жеке бизнеспен арада бекіткен меморандумдар негізінде ірі компанияларда жас мамандар үшін 100-ден астам жұмыс орындар ұсынылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/782206-bishimbaev-bolashaq-tulekteri-tek-ultt.html