RU

Мамандар Қазақстандағы ажырасудың басты себептерін айтты

Астанада "Біз отбасын сақтау үшін" еріктілер коалициясының өкілдері бас қосып, Қазақстандағы отбасылардың неліктен ажырасатынын айтып берді.

"Ажырасудың ең негізгі себебі - отбасында баланың болмауы, яғни бедеулік пен белсіздік. Мұнан кейін ерлі-зайыптылардың дау-жанжалы, зорлық-зомбылық, ақшаның жетіспеуі немесе ерлі-зайыптылардың бірінің науқас болуынан", -  деді президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Шолпан Сыздықова.

Мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған фактілерден бөлек ажырасуға тағы ондаған жайт себеп болатын көрінеді. Атап айтқанда, серігіне көңілі толмауы, тәкаппарлық, менменшілдік, кешіре алмаушылық, өз кінәсін мойындамау, ішімдікке, есірткіге, құмар ойындарға, интернетке тәуелділік және тағысын тағы.

"Статистикаға көз жүгіртіп жағамызды ұстадық. Мәселен, 2014 жылы Қазақстанда 159 328 неке тіркелсе, 52 673 отбасы ажырасқан. Ажырасқандар қатарында тек жастар емес, орта жастан асқандар да жетерлік", - дейді президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жетекшісінің орынбасары Елена Тарасенко.

Айта кету керек, жиын барысында оған қатысушылар бірауыздан Қазақстанда отбасылық өмірге дауындау мектебін қалыптастыру туралы ұсынысты қолдады.

"Мұндай мектептер құрылатын болады, олар "Отбасым" деп аталмақ. Мектептер АХАЖ орталықтарында болады, некесін қидыруға тілек білдірген жастар осы мектепке кіріп, отбасылық өмірге дайындық сабақтарынан өтеді. Өкінішке қарай, қазір мектептер мен ЖОО-ларда отбасы құндылықтары туралы пән тек қосалқы негізде өткізіледі. Мұның маңызын әлі түсіне алмай келе жатырмыз", -  дейді Шолпан Сыздықова.

Оның айтуынша, ең алғашқы отбасылық мектеп Астанада пайда болуы мүмкін. Онда отбасылық дау-жанжал кезінде не істеу керек, оны болдырмау үшін не шара қолдану керектігі үйретіледі. Бұрын мұндай мектеп Алматы қаласында болған.

"Біздегі отбасылардың көпшілігі кеңесшілерге, психологтарға бармайды, кеңеспейді. Біздің табиғатымыз солай. Бірақ маманның пікірі қазір өте керек, психологқа қысылмай бару керек. Ерлі-зайыптылар ажыраспас бұрын мұның себебіне үңіліп қарау керек, ол соған тұрарлық па, соны біліп алу керек. Ажырасу - проблемадан құтылудың жолы емес, кез-келген мәселені оң шешуге болады, кез-келген тығырықтан шығатын жол бар екенін ұмытпаған жөн", -  деді Қазақстан мен Орта Азия отбасылық инстиутының директоры Ақбота Базарбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/782551-mamandar-qazaqstandaghy-azhyrasudynh-b.html