RU

Қостанайда өзіне қол жұмсады делінген қыздың ата-анасы марқұмның денесін қайта тексертпек

Мәйіті  бір ай бұрын Тобылдан табылған 17 жастағы Қостанай тұрғынының туыстары полицейлерді қол қусырып отыр деп кінәлауда.

Бұл туралы Informburo.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Нұргүл Ағыбаеваның анасы мен ағасы өлімнің ресми себебіне сенбейді. Олар бойжеткеннің өзіне қол салмағанын дәлелдеу үшін мәйітін эксгумациялауға беріп, қайтадан сот-медициналық сараптама жүргіздіруге  әзір.

Еске салсақ, жергілікті колледждің студенті Нұргүл Ағыбаева 3 сәуірде жоғалып кетті. Оны бір ай бойы іздеп, денесін аяқ киімі мен үстінгі киімінсіз өзеннен тапқан. Тергеушілер бойжеткен өзіне қол салды, көпірден жігітпен сөзге келіскеннен кейін секіріп кетті деген тұжырым жасаған болатын.

"Мен бұған сенбеймін. Олай істей алмас еді. Қашанда қуанышты жүретін. Әрі қарай білімін жалғастырғысы келетін. Осындай жоспарлары болатын. Оны өлтіріп тастады. Одан бұрын зорлаған да секілді", - деп көзіне жас алды бойжеткеннің анасы Айымкүл Ағыбаева.

Туғандарының айтуынша, полицейлер тіпті қылмысты ашуға тырыспаған. Бірден өзіне қол салды деген тұжырым шығарған. Алайда қаза болғанның туған ағасы бұрынғы тергеуші Ертай Шұқыбасов Нұргүлді алдымен ұрлап әкетіп, кейін өлтіргеніне сенімді.

"Қаза болу туралы дәйектемеде оның денесі табылмастан 5 күн бұрын қаза болғаны айтылған. Беті таза, денесі бөлшектеніп үлгермеген. Ал біз оны 1 айдан астам уақыт іздедік. Сонда қалған 25-27 күн қайда қалды? Сол уақытта қайда тұрды, немен тамақтанды? Мәйіті өзенде 3 күннен артық жатпаған. Мен бұрынғы тергеушімін. Оны жақсы білемін. Мен оны өлтірмес бұрын бір жерде қамауда ұстап отырғанына сенімдімін. Полицейлер істі тергегісі келмейді, статистиканы құртқысы келмейді, былайша айтқанда "ашылмай қалған" істің болғанын қаламайды. Сол себепті өзіне қол салды деп жазып отыр", - дейді Ертай.

Қазір туыстары "Адам ұрлау", "Өлтіру" және "Зорлау" баптары бойынша Қылмыстық іс қозғалғанын талап етуде. Олар тіпті Нұргүлдің бұрынғы жігітінен күдіктеніп отырғанын жасырмады.

Алайда облыстың ІІД бойжеткеннің денесінен зорлық іздері табылмады деген нақты жауап қайтарды. Қаза өкпенің суға толуынан болған.

Айта кетерлігі, соңғы үш айда Қостанай облысында тағы екі жеткіншек жоғалған. 1 мамырда 17 жастағы Нина Стафеева Жітіқарадағы Желқуар өзенінде өлі күйде табылған болатын. Ал онымен жастас Арлан Жүсіпов 3 наурызда кітапханаға кетіп, әлі күнге дейін табылмай жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/782624-qaza-bolghan-qostanaylyq-17-zhastaghy-boyzh.html