RU

Пан Ги Мун Астанада Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимаратын ашты

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Астанада Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимаратын ашты. Ашылу рәсіміне қатысқан хатшы БҰҰ-ға үлкен қолдау көрсетiп отырған Қазақстанға алғысын бiлдiрдi.

«Қазақстан - БҰҰ-ға мықты қолдау жасап отырған елдердiң бiрi. Орталық Азияда көшбасшы болып саналатын Қазақстан ядролық қаруға қарсы бағдарламаны барша әлемдiк қауымдастық алдында жариялаған болатын. Сонымен қатар Қазақстан Украина, Сирия және Ауғанстандағы шиеленiстердi бейбiт жолмен шешуге өзiнiң үлкен үлесiн қосып жатыр. Бұл қадам БҰҰ-ның негiзгi принциптерiмен үндес. Сiздердiң мемлекеттерiңiз ядролық қарусыз әлемдi қалыптастыруға бағытталған БҰҰ мүддесiне қуатты қолдау жасауда. Қазақстан өз жерiнде Дiн көшбасшыларының съезiн өткiзу арқылы бiрлiктiң, бейбiтшiлiктiң үлгiсiн көрсетуде. Осы съездi өткiзуге бастамашы болған Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Қазақстан барша әлемде толеранттылықты, дiн бостандығын дамыту үшiн осынау үлкен сұхбат алаңын құрды», - дедi Пан Ги Мун.

Өз кезегiнде Сыртқы iстер министрi Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, БҰҰ-ның жаңа ғимаратын ашу Қазақстан үкiметi мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкiлдiгiнiң ұзақмерзiмдi, тиянақты әрi жемiстi әрiптестiгiнiң нәтижесi.

«Қазақстан үкiметi Бiрiккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты қолдау көрсетудi жалғастыра бермек. Қазақстан халықаралық агенттiктер үшiн Алматыда ғимараттар ұсыну жөнiнде шешiм қабылдады. Сөз жалпы аумағы 20 мың шаршы метр болатын қаланың ең әдемi жерiнде орналасқан ғимарат туралы болып отыр. Ғимараттарды бөлу Алматыда БҰҰ хабын құруға бағытталған елеулi қадамдардың бiрi. Бiз осы бағытта БҰҰ-мен әрiптестiктi жалғастыра беремiз», - дедi министр.

Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң құрметтi докторы атағы берiлдi.

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимаратының ашылу рәсiмiнде аталмыш атақты және арнайы қазақи стильдегi мантияны университет ректоры Ғалым Мұтанов тапсырды.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/783712-pan-gi-mun-astanada-birikken-ulttar-uyym.html