RU

Қазақстандық төреші УЕФА Аймақтық кубогының финалдық турнирінде қазылық етпек

26 маусым мен 4 шілде аралығында Ирландия астанасы Дублин қаласында УЕФА Аймақтық кубогының финалдық турнирі өтеді. Айтулы турнирдегі ойындарға қазылық етуге шақырылған төрешілердің бірі - ФИФА төрешісінің көмекшісі, қазақстандық Санжар Ысқақов.

Бұл туралы Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

29 жастағы қостанайлық төрешінің УЕФА аясында жұмыс тәжірибесі баршылық. Ол Еуропа Лигасының іріктеу турнирінде «Зестафони» (Грузия) - «Спартак» (Словакия), «Войводина» (Сербия) - «Рапид» (Австрия) матчтарында қызмет еткен болатын.

Сербия (2011) мен Нидерланд (2013) елінде өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы арасындағы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде төрелік етті. Сонымен қатар, жастар арасындағы Еуропа Чемпионатының аясындағы Сан-Марино - Грекия іріктеу матчында жұмыс істеді.

Айта кету керек, Санжар Ысқақов 2015 жылдың 17-20 мамыр аралығында УЕФА-ның ФИФА төрешілерінің көмекшілеріне ұйымдастарған біліктілікті арттыру курсына қатысып, тағылымдамадан өткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/783834-qazaqstandyq-toreshi-uefa-aymaqtyq-ku.html