RU

250 әйел туралы жалған мәлімет таратқан әлеуметтік желідегі«Курицы Алматы» тобы жабылды

Алматы прокуратурасы 250 алматылық нәзік жандылар жайлы жалған мәлімет берілген «ВКонтакте» желісіндегі «Курицы Алматы» тобын жапты.

Жақында Алмалы аудандық прокуратурасына қала тұрғыны «ВКонтакте» желісіндегі бір топта өзінің қызы жайлы жалған мәлімет берілгені туралы шағыммен жүгінген. Арызданушының өтінішін қарай келе, прокуратура қызметкерлері аталған интернет-ресурста 250 әйел туралы ақпарат орналастырылғанын анықтады.

Интернет-ресурста алматылық қыз-келіншектерді жеңіл жүрісті деп қаралап, намысына тиетін сөздермен балағаттаған. Сонымен қатар олардың аты-жөндері, туған жылы, оқу орны, әлеуметтік мәртебесі көрсетілген.

Бұл қоғамдастықта 40 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Олар белсенді түрде әйелдердің суреттерін талқылап, арандатушылық мәліметтер қалдырған.

Аталған ресурстың қызметі жекелеген адамдардың өміріне моральдық нұқсан келтіретінін ескере келе, Алмалы аудандық прокуратурасы оны жабу туралы Алмалы аудандық сотына арыз түсірді. Сот аталған ресурсты жабу туралы шешім шығарды.

Алмалы аудандық прокуратурасының бөлім басшысы Ерлан Қасымбаевтың айтуынша, арандататын пікір қалдырған пайдаланушылардың көбі Қазақстан азаматы болмағандықтан, оларға ешқандай жаза қолданылмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/784574-250-ayel-turaly-zhalghan-malimet-taratqan.html