RU

Қазақстанда зорлықшылар мен педофилдерге химиялық кастрация жасау ұсынылды

 Қазақстанда зорлықшылар мен педофилдерге қарсы қылмыстың алдын алу мақсатында ерікті немесе мәжбүрлі түрде, химиялық немесе физикалық кастрация жасалуы мүмкін деп мәлімдеді Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев.

Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3 мыңға жуық қылмыстық іс аяқсыз қалған. Оның 605-і кәмелетке толмаған балалардың жәбір көруіне қатысты. Осындай жаға ұстатарлық мәліметтер Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінде айтылды.

Ең сорақысы зорлық жасағандардың арасында жазасын өтеп шығып, айуандық әрекетін тағы да қайталағандар бар. Тек үстіміздегі жылдың өзінде кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 дерегі тіркеліп үлгерген. Алайда толыққанды тергеудің жоқтығынан педофилдер емін-еркін тайраңдап жүр. Жиын барысында Бас прокурор аталған қылмысқа қатысты жазаны жеңілдетуге тыйым салуды ұсынды.

Ал оның орынбасары Нұрмаханбет Исаев еркіндікте есірген зорлықшыларға тосқауыл қоятын қатаң жаза кесуді сұрады деп жазды 24.kz.

"Қылмыстың алдын алу мақсатында ерікті немесе мәжбүрлі түрде, химиялық немесе физикалық кастрация жасалуы мүмкін. Көптеген елде, оның ішінде, Ресейде бұл шара жасөспірімдерді қорғау және жиі қайталанатын қылмыстар санын азайту үшін қолданылып жүр. Үйлестіру кеңесі мүшелерінен Ішкі істер басшылығы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, сонымен қатар, басқа да құзырлы орындарға осы мәселені талқылау жөнінде ұсыныс жасауын сұраймын", - дейді Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев.

Сонымен қатар отырыс барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Рәшид Жақыпов Қазақстанда зорлықшылдар мен педофилдерге ұзақтау мерзімнен өмір бақи уақытқа дейінгі әкімшілік қадағалауды заңнамалық түрде бекітуді ұсынды деп хабарлайды ҚазТаг.

«Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға қатысты, әсіресе кәмелетке толмағандарға байланысты...», - деді Жақыпов бейсенбі күні заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында.

«Босатылған кезде әкімшілік қадағалауды міндетті түрде орнатып, оны, бүгінгідей, бір жылға дейін мерзіммен шектеу керек емес, ал ол адамның қоғамдық қауіптілігінің дәрежесі мен сипатына қарай, жалпы алғанда ішкі істер органдарының тарапынан тіпті өмірлік әкімшілік қадағалауды қарастырып отырып, одан да ұзақтау мерзімді қарау керек», - деп толықтырды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/784810-qazaqstanda-zorlyqshyldar-men-pedofi.html