RU

Шалқарлық шенеунік "чики-чики" сөзі үшін қызметіне сай емес деп танылды

Ақтөбе облысында жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, күлкіге қалған шенеуніктің 6 ай бойы "чики-чики" деп айтуына тыйым салынды деп хабарлады КТК арнасы.

Тәртіптік кеңес Шалқар аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Аян Қорқытұлын қызметіне сай емес деп тапты. Дегенмен, ол жарты жыл бойы шалыс баспаса, креслосын одан әрі сақтап қалады.

"Шалқар чики-чики ғой. Жоқ, ақша жоқ. Қысқасы жоқ десейші, басыңды ауыртпа. Биылға ақша жоқ. Ақша болған жағдайда мұрын боғын шашыратып істейміз бәрін", - деп тілшіге жауап қайтарған болатын шенеунік.

Шалқайып отырып сұхбат берген Шалқар ауданының шенеунігі бүгін де өзіне нық сенімді. Тәртіптік кеңес мүшелері жергілікті тілшіге қыңыр жауап қайтарған Аян Қорқытұлының жер-жебіріне жетіп сөкті. Дегенмен, алғашқыда сөздері зілді шыққанымен, кейін оны қызметінен кетіруге қарсы болды.

Енді "чики-чики" шенеуніктің алты ай бойы ағынан жарылмай, аузын бағып жүруіне тура келеді. Себебі осы уақыт ішінде ескерту алатын болса, қызметімен бір күнде қош айтысады. Ал сұхбат беремін деп аузы күйген аудандық атқамінер жиын біткен соң тілшілерден тұра қашты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/786550-shalqarlyq-sheneunik-chiki-chiki-sozi-ushi.html