RU

Қайрат Нұртас жайлы дипломдық жұмыс жазылды

Қазақ Ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті өз диплом жұмысын белгілі әнші Қайрат Нұртас пен өзге де қазақ эстрада жұлдыздарының шығармашылығына арнады.

Қайрат Нұртастың, сондай-ақ, бірталай жас орындаушылардың әндерінің сөзін диплом жұмысына арқау қылып алған ЖОО бітіруші, сол ән сөздеріндегі стилистикалық қателіктерді табуды диплом жұмысының мақсаты ретінде алған.

Қазіргі жастар сүйіп тыңдайтын Қайрат Нұртас және тағы да басқа әншілер қауымы шығармашылық іздену барысында, ән сөзіне ат үсті қарап, тек ғана әннің әуеніне назар аударып кетеді екен. Сол себепті де ән сөздерінде стилистикалық қателіктерді көптеп жіберетін көрінеді.

"Қазіргі әншілер өз әндерінің сөзіне еш мән бермейді. Әуені тыңдар құлаққа жағымды болса болғаны, сөзін сол әуеніне сай қалай болса солай құрастыра береді. Оны тыңдайтын жастар тек әуенінің әсемдігі үшін сөзіне пысқырып та қарамайды. Мысалы: Қайрат Нұртастың «Арман» әнінің кей сөзі тек ұйқас үшін ғана құрылғандығы назар салып оқыған адамға бірден түсінікті.

Қaлaй сүйдім сені,

Құлaй сүйдім сені.

Жүрегімді ұстaп,

Жылaй сүйдім сені; - өлең жолдарындағы «жүрегімді ұстап» тіркесінің тым ұсқынсыз әрі логикасыз тіркес екендігі рас. Мұндай стилистикалық қателер тек ғана Қайрат Нұртастың шығармашылығында ғана кездеспейді. Сондай-ақ басқа да эстрада жұлдыздарының ән сөзіне келгенде немқұрайлылық танытатынын байқап жатамыз", - дейді дипломдық жұмыс авторы.

Еске сала кетейік, жақында Қайрат Нұртас ресейлік "Муз ТВ" арнасының жүлдесін жеңіп алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/788374-qayrat-nurtas-zhayly-diplomdyq-zhumys-zh.html