RU

Қызылордада колледж студенті 1 жарым жасар баланы өртенген үйден аман алып шықты

Қызылордадағы гумманитарлық колледж студенті Данияр Қауышқан өртке оранған үйде қалған сәбиді құтқарды. 1 жарым жасар сәби жас жігіттің өжеттілігі арқасында ажалдан аман қалды.

Даниярдың бейбіт күнгі ерлігі ешкімді бей-жай қалдырмады. Батыр жігіттің батыл қадамы Төтенше жағдайлар министрілігі тарапынан да лайықты бағаланды. Жеті бөлмелі еңселі үйді тілсіз жау тып-типыл етіп, күлін қалдырыпты.

Сол бір сұмдықты үй иесі Зоя Омарова күрсіне ескі алады. Оқиға наурыз айының орта шенінде болған. Үйде жас келін мен бес немересі қалған екен. Кенет түпкі бөлмеден қара түтін будақтай бастағанда, үйдегілердің бәрі далаға қашып шығады. Тек бесікте бөлеулі қалған Мейіржанды құтқару қиынға соғады.

"Баланың аяғы күйіп жатқаннан кейін жылаған. Өзімнің 1991 жылғы Марат есімді балам бар. Алайда толық болғасын ішіне кіре алмады. Сонымен жаңағы көрші баланы шақырдық. Данияр үй ішіне кіріп, баланы алып шықты. Көрер жарығы бар екен", - дейді қала тұрғыны Зоя Омарова.

Бір жарым жасар Мейіржан бүгінгі күні Алматыда ем қабылдауда. Ең бастысы – аман қалды. Ал жүректі жігіт Даниярдың батыл қадамын төтеншеліктер елеусіз қалдырмай, «Ерлігі үшін» медалімен марапттады. Ұстаздары да оқушыларын мақтан тұтады.

"Мұндай қадамға баратын ұл ертең мемлекетшіл тұлға, елге үлкен азамат, елін қорғайтын батыр, өзінің отбасында тамаша отағасы болатынына біз кәміл сенеміз", - дейді М.Мәметова атындағы гумманитарлық колледжі директорының орынбасары Салима Сәлімова.

Ал Данияр өзінің бұл әрекетін ерлік деп есептемейді. «Мұндай адамгершілік қасиет әр адамның бойынан табылуы тиіс», - дейді ол.

"Ойымда ештеңе болған жоқ, бар ойым сол баланы алып қалу болды. Бірінші кіргенімде таппадым, екінші кіргенде шығарып алдым баланы. Бұл менің адамгершілік парызым деп санаймын. Бірақ ерлік деп санап осылай марапаттап жатқандарына үлкен рахмет", - дейді Данияр Қауышқан.

Данияр болашақ дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Әрі бокстан спорт шебері. Қазақтың батыр қызы Мәншүк атындағы оқу орынанда білім алып жүрген ол қашанда қаһарман бабалардың ізін жалғауды басты паразы санайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/788780-qyzylordada-kolledzh-studenti-1-zharym-zh.html