RU

Имамдар кіші қажылыққа аттанған қазақстандықтар үшін алаңдаулы

Имамдар Умра қажылығына баратын қазақстандықтар үшін алаңдаулы. Дін қызметкерлерінің сөзінше, кіші қажылыққа аттанғандарды ешкім қадағаламайды. Киелі мекенге тәу етіп кеткендер, өзге дін ағымның ілімін елге әкеліп таратуда.

Умра - мұсылман қауымы үшін кіші қажылық болып саналады. Ол үлкен Арафат қажылығы біткеннен кейін 2 айдан соң басталып, Рамазан айында аяқталады.

Діни басқарма өкілдерінің мәліметінше, жыл сайын осы құлшылық рәсімін өткеру үшін 3000-ға жуық отандасымыз Сауд Арабиясының Мәдина қаласына аттанады екен. Алайда аталған діни шара мемлекет тарапынан қадағалауға алынбағандықтан, өзге дін жетегінде кеткен көптеген отандасымыз арабтың шейхтармен кездесіп, қауіпті діни ағымды елге әкеліп жатқан көрінеді.

«Мәсхабты мойындамайтын басқа ағымның дін өкілдері барады. Бірақ олар құлшылық үшін емес, сол жақта ілім алу үшін барады. Ұмра қажылығына 1 ай уақытқа виза береді. Олар ол жақта бір ай құлшылық жасамайды. Біздің қазақ жігіттерін шейхтар күтіп алып, вахабизм мен салафизмді миларына құяды. Сосын олар келіп, елімізге өзге дінді таратушылар, дамытушылар болып қайтып оралады», - деді «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры Амангелді Әбдіхалық.

Имамдардың мәліметінше, елімізде Умра қажылығын ұйымдастыратын 20 туристік агенттік жұмыс істейді. Соның сыртында 2-3 компания діни басқармаға бағынбастан өз бетінше Сауд Арабиясы билігімен тікелей келісімге отырып, қазақтың қыз-жігіттерін кіші қажылыққа апарады.

Тіпті, адасқан азаматтардың жатын орны мен 1 ай бойғы азық-түлігінің ақысын да Мәдинадағы салафизимді насихаттайтын шейхтар төлейтін көрінеді. Осыған алданғандарды қазір түзу жолға салатындар табылмай отыр. Ал имамдар болса өзге дінді таратушылардың жолына тосқауыл бола алмайтындығын айтуда.

«Діни басқарма Умраны қадағаламайды. Себебі бұл Сауд Арабиясы мен тур фирманың тікелей істейтін жұмысы. Біз тек қажылықты нақты қолға аламыз», - деді ҚМДБ қажылық бөлімінің басшысы Қанат Бекжанов.

Туристік компания басшыларының мәліметінше, отандастарымыз Сауд Арабиясына 1 айға виза аштырып, Умра қажылығына заңды түрде аттанып жатыр. Тіпті, олар сырт көзге күдік тудырмас үшін елімізден ашық-шашық киініп шығып, Мәдинаға кіре сала хиджапқа оранады екен.

 

Куәгерлердің сөзінше, тұмшаланған уахабиттердің араларында 18 жасқа толмаған жеткіншектер жетерлік. Сондықтан да бұл мәселені ел билігі назарға алуға тиіс деп отыр.

«Бұл Умраны апаратындарды бір жерге жинау керек, бір жерден апару керек. Бір топты айына 1 рет немесе 2 рет апару керек. Аталған топпен бірге имамдар барып, сол топпен оралу керек. Сонда басқа дін өкілдері ол жақта қалып қоя алмайды», - деді «Нұр Қазақстан» қажылық компания директоры Амангелді Әбдіхалық.

Діндарлардың айтуынша, Умра қажылығына 2011 жылға дейін елімізден бірде-бір азамат аттанбаған. Соңғы екі жылда Сауд Арабиясына жол тартып білімін жетілдіргіш мұсылман көбейіп кетіпті. Сондықтан да қазір үкімет басындағыларға өз бетінше қажылыққа апаратын туристік агенттіктерге тыйым салу жөнінде хат жазылуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/789337-umra-qazhylyghyna-baratyn-otandastary.html