RU

Павлодар облысы әкімінің резиденциясында зорланған бойжеткенге қатысты жаңа деректер шықты

Павлодар облысы әкімінің резиденциясында зорланған бойжеткенге қатысты жаңа деректер пайда болды. Зардап шегушінің құрбысы 18 жастағы Әлмира Күлиева куәгерден айыптыға айналды. Оны ірі сомада әкімнен ақша бопсалағаны үшін айыптауда деп хабарлады NUR.KZ 31 арнаға сілтеме жасап.

Бұған дейін жергілікті газет журналисіне де осындай айып тағылған болатын. 16 маусымда күдіктілердің қорғаушылары мен туысқандары тергеу органдарынан әділ шешім шығаруды сұрады.

Мамырдың ортасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тобы павлодарлық "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкинді қамауға алған болатын. Редакторға Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан бопсалаушылықпен ақша талап еткен қылмыстық топқа қатысы бар деген айып тағылды.

"Голышкиннің сөзіне сенсек, оның бопсалауышылыққа еш қатысы жоқ. Зардап шегуші Бозымбаевтың арызында да ақша бопсалаған нақты тұлға көрсетілген. Голышкиннің есімі Бозымбаевтың аразында мүлдем аталмаған", - деп түсіндірді Голышкиннің қорғаушысы Дмитрий Куряченко.

Барлық даудың басы әкімнің ұлы Дәурен мемлекеттік резиденция алдында әйелді зорлағанын растайтын зардап шегушінің сұхбат берген видеосынан туындаған. Редакторға аталмыш видеоны таратпауы үшін аймақ басшысынан 500 мың доллар талап еткен деген айып тағылды. Бойжеткеннің зорланғаны расталғанымен, полицейлер оған әкімнің ұлы қатысты деген айыпты жоққа шығарды.

Қылмыстық іс екі тараптың келісімге келуінен кейін тоқтатылған.

Әкім резиденциясында зорланған бойжеткеннің ісіне куәгер болып келген 18 жастағы Әлмира Күлиева – зардап шегушінің құрбысы. Екеуі бірігіп полицияға жүгінбек болғанда оларды ҰҚК қызметкерлері жасырын камераға қамап қойған-ды. Зорлауға қатысты іс жабылғаннан кейін Әлмира аяқ асты куәгерден әкімді бопсалаған айыптыға айналған.

"Полиция оған (зорланған бойжеткенге) ақша ұсынды. Келісімге келулері үшін 10 мың доллар беретіндерін айтты. Менің қызым олармен сөзге келісе бастады: "Ол ақшаларыңды алмайды, оған ақша керек емес, кінәлілер түрмеге қамалсын" деп жауап қайтарды. Сол кезде оны басқа бөлмеге қамап, кешке дейін ұстады", - деп түсіндірді Әлмираның анасы Жұлдыз Күлиева.

Жұлдыз Күлиеваның сөзіне сенсек, зорланған бойжеткен әлі күнге дейін ҰҚК қызметкерлерінің жасырын камерасында қамалып отыр. Ал заңгерлер бұған америкалық куәгерлерді қорғау бағдарламасына ұқсас заң себепкер екенін алға тартуда.

"Яғни адамды қауіпсіз жерде ұстау (тек оның өтініші бойынша). Оның құжаттарын, келбетін өзгерте алады. Әр түрлі шаралар қарастырылған. Қылмыстық іс біткеннен кейін де тұлғаға қауіп төнген жағдайда бұл шара жалғасын таба алады", - деп түсіндірді заңгер Сергей Уткин.

Аталмыш істі тергеу әлі күнге дейін ҰҚК құзырында. Бопсалаушы қылмыстық топтың қатысушылары ретінде 4 адамға айып тағылды. Алайда, белгілі болғандай, бүгінде тағы бір күдіктінің пәтерінде тінту жүргізілген. Павлодар ауданы әкімінің экс-орынбасары Асқар Бахралиновке де ақша бопсалаушы деген айып тағылуы мүмкін.

Еске салсақ, 14 мамырда Павлодарда "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкин бойжеткенді зорлауға қатысты істе куәгерден айыптыға айналған болатын. Редакторды Павлодар облысы әкімінен ұлының зорлыққа қатысты екенін растайтын ақпаратпен ақша бопсалады деп айыптап, қамауға алған.

Кейінірек, облыстық прокуратура Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев ұлының зорлыққа қатысы бар деген ақпаратпен бопсаланғанын растады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/790348-pavlodar-oblysy-akimininh-rezidenciya.html