RU

Алматы облысында баласы ауыр дертке шалдыққан ана көпшіліктен көмек сұрады (фото)

Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты Жоламан ауылының тұрғыны ауыр дертке шалдыққан баласы үшін барлық қазақстандықтардан көмек сұрауға мәжбүр.

NUR.KZ тілшісі қиын жағдайда отырған отбасы халінің растығын анықтай келе, ананың жазған хатын назарларыңызға ұсынады.

Гүлім мен Асқардың кіші баласы Нұрбек туылғанына екі ай болғанда қатты ауырған. Аудан орталығына дер кезінде жеткізілмеген бала содан кейін екі ай ес-түссіз күйге түседі. Есін жинағаннан кейін 1 айдай жансақтау бөлімінде емделеді. Міне осыдан кейін Нұрбекке ми дертіне (вторичная микроцефалия) шалдыққан деген нақты диагноз қойылады.

Қазір баланың басындағы сұйықтықты алмастырып отыратын түтікше қойылған. Оны ай өткен сайын ұзартып отыру керек екен. Нұрбектің анасы қазір тек баласын қараумен айналысады. Ал әкесі өздері тұратын ауылдағы бір шаруа қожалығының жалдамалы жұмысшысы.

Үлкен ұлдары 4-ші сыныпта оқитын ата-ананың ауылдағы жалғыз баспанасы осы. Ауыр жағдайда отырған ана сатып ақшаға айналдыратын артық мал мен дүнесі қалмағанын айтады. Ал төмендегі жазба Нұрбектің анасы Гүлімнің әлеуметтік желіде жариялаған хаты.

"Ардақты Нұрбектайымның тілекшілері, армысыздар!!! Мынау тағы бастады ма деп сөге көрмеңіздер, ағайын. Өкінішке орай жаз айының бірінде Астанаға барып ем аламыз деген жоспарымыз болмады. Бәрі жаратқанның қалауы шығар. Адамның айтқаны бола қоймайды-ау. Енді міне тағы да қайырымды жандардан көмек сұрап, бар сырымды, мұңымды сіздермен бөліспекшімін. Алматыдағы дәрігерімізбен сөйлестім. Орталыққа бара алмайтынымызды айттым. Нұрбектайда соңғы күндері тым мазасыз. Олар шілденің он жетісі демалысқа кететінін және сол уақытқа дейін бір айлық емімізді алу керектігін, уақыт аралығын созбауымызды айтты. Бірақ, бәріңіз білесіздер ем ақысы біздер үшін ауыр. Пәтермен қосқанда үш жүз мың теңге қаржы тез арада табу мүмкін емес", - деп мұңын шақты Гүлім.

"Ардақты ағайын, Нұрбектайымыздың дертін сәл де болса жеңілдетуге тағы да ел болып жұрт, болып атсалысайықшы. Өтінемін, ботақанымның емін жарты жолда қалдырмайықшы. Жасаған жақсылықтарыңызды жаратқан еселеп қайтарсын. Сіздердің әрбір азғантай көмектеріңіз өмірге ерекше болып келген Нұрбектайға қанша жеңілдік сыйлайды, қиналған жанына. Жүрегімде иманым бар деген әрбір осы жазбаны оқыған жан  жәй ғана өтіп кетпеңізші. Тым құрыса бөлісе кетіңізші. Мүмкін cіздің достарыңыздың арасынан табылар қайырымды жан", - деп көпшілікке өтінішін білдірді Нұрбектің анасы.

"Білмейтін адамдар үшін жаза кетейін, Нұрбектай ми дертіне шалдыққан (вторичная микроцефалия) оған қоса эпилепсия жабысты. Өз бетінше отыра алмайды, сөйлемейді, тамақты да шайнай алмайды. Ең қиыны - ботақанымның көзі көрмейді. Жасы қазір үштен асты. Бірақ Алланың қалауымен, себепші, қайырымды жандардың көмегімен Алматылық мамандарда алған бірнеше курс емде Нұрбектай сәл де болса өзгерді. Сезімталдық пайда болды. "Мұндай диагнозбен оның өзі үлкен жетістік" дейді мамандар. Ағайын осының бәрін жазу қаншалықты ауыр екенін білсеңіздер ғой. Бірақ басқа амалым жоқ. Бар үміт себепші жандарда. Көмек қолын созам деген ағайынға: Халық банкінен ашылған есепшот 4402-5735-4753-0099. Киви әмиян 8-705-676-09-54. Осы нөмірге қоңырау шалып сұрақтарыңызды қойсаңыздар болады. Жауап беруге әзірмін. Ана үміті өшпейді. Сеземің. Сенемін. Балалар ауырмасыншы бұл жалғанда", - деп хатын аяқтады Гүлім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/790460-almaty-oblysynda-balasy-auyr-dertke-sh.html