RU

ШҚО-да ауыл фельдшері ат шанамен жүкті әйелді аудан орталығына жеткізіп, құтқарып қалған

Бүгін Ақордада Медицина қызметкерлері күні қарсаңында мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова сала мамандарын қабылдау барысында қыста ауылдан ат шанамен жүкті әйелді аудан орталығына жеткізіп, құтқарған фельдшермен кездесті.

«Отыз жыл бойы бір орында жұмыс істеп келемін. Осы қызметімде түрлі қиындықтар кездесті. Соның бірі 2014 жылы орын алған болатын. Сол жылы бір түнде қар жауып, боран болып, автокөлікпен жолға шығу мүмкін болмай қалды. Аудандық ауруханаға хабарласып, ол жақтан төтенше жағдайлар қызметкерлерін шақырдық. Бірақ, оларды күтпей, жүкті әйелді ат шанамен 12 шақырым жерге дейін жеткізуге тура келді. Абырой болғанда келіншекті сол жерге жеткізіп, оны төтенше жағдайлар қызметкерлеріне тапсырып, оны аудандық ауруханаға дер кезінде апарып, аман-есен босандырып алдық»,-деді Шығыс Қазақстан облысындағы Қарабұйрат ауылы медициналық пунктінің фельдшері Күлсім Дүйсенбаева.

Оның сөзіне қарағанда, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Үржар ауданы бойынша елді мекендерде 4 амбулатория пайдалануға берілді.

«Өзімінің отыз жылдық тәжірибемде ауылда ана мен бала өлімі болған жоқ. Соңғы бес жылда туберкулез, қатерлі ісік аурулары тіркелмеді. Бұндай дерттердің алдын алуға бүгінде жүргізіліп жатқан скринингтер жақсы нәтиже беруде»,-деді  Дүйсенбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/791164-shqo-da-auyl-feldsheri-shanamen-zhukti.html