RU

Теміртаулық емшілер Атырау тұрғынын алдап, 2 млн теңгесін ұрлап кетті

Теміртаулық емші көмекшісімен бірге Атырау тұрғынының 2 миллион 331 мың теңгесін алдап алып кеткен.

Бұл туралы Ақ жайық басылымы хабарлайды.

9 маусымда 58 жастағы қала тұрғыны полицияға қызықты хикаяны айтып берді. Ол өзін көптен бері нашар сезініп жүрген екен. Бүкіл дерттің дауасын емдейтін емші келіп жатыр дегенді естіп, соның қызметіне жүгінуді ұйғарған. Емшінің өтініші бойынша әйел өзімен бірге сеансқа 333 мың теңге мен 3 жұмыртқа ала барған.

Оны Авангардтағы жалдамалы пәтерде қарсы алып, бүкіл кеселінің егжей-тегжейін анықтап, жоралғылар жасаған. Науқастан ақшаның үстіне отырып, көзін жұмуды өтініп, оған дұға оқыпты. Соңына қарай емші әкелінген жұмыртқаның біреуін жарып, ішінен қарайып шіріп кеткен нәрсені көрсеткен.

Сөйтіп, ол пациентін науқас болғандығына, оған қатты көз тигеніне және тағы да нәрселер бар екендігіне, бірақ енді бәрінен құтылғанына, өйткені бар жамандықты жұмыртқаның алып кеткеніне иландырған.

"Әңгіме кезінде зардап шегуші онкологиялық ауруға шалдыққан інісі бар екенін, Израильге қымбат тұратын ем алуға баруды жоспарлап отырғанын айтып қойған. Бәлкім, сол кезде алаяқтың ойына анағұрлым көп олжа тауып қалайын деген жоспар келген болса керек. Олар 333 мың теңгені қайтарып, әйелдің сеніміне әбден кіріп алып, бауырын емдеуге уәде берген", - дейді полиция подполковнигі Марат Тағаниязов.

Бұл жерде сенім әсері де рөл ойнаған: әйел едәуір жеңілдікті сезініпті. Оның үстіне ақшасы да қалтасында қалды. Сөйтіп, емшіден қанаттанып, енді інісіне де ауыр науқастан құтылуға жәрдемдесе аламын деген ниетпен шығады. Рас, бұл жолы жоралғылардың тылсым қабілетін жеті есеге көбейту қажет болады.

Мұны қалай істеу керек? 333 мыңды 7-ге көбейтіп, шыққан соманы алып келу керек болады. Қысқа мерзім ішінде әйел қажетті соманы әзер жинап әкеледі. Бұған Израильде емдеуге жинаған бүкіл жинағы және оған қосымша туыстарынан алған қарыздар кетеді.

Таңертеңге белгіленген екінші кездесудің алдында емшілер түні бойына оған демалуға мұрша бермеген. Әрбір жарты сағат сайын қоңырау шалып, жаңа құнды нұсқаулар беріп отырған: біресе дәл қазір бауырың үшін дұға оқы десе, біресе ол туралы жарты сағат бойы ойла, енді бірде ол ұйықтап жүрген төсек жаймасын алып келуді ұмытпа, оның тал шашын әкелуді ұмытпа... деп мазалай берген.

Таңға қарай әбден шаршаған әйел інісімен бірге емшілерге барады. Олар ер адамнан шығып кетуді өтінеді. Жоралғыны «шалғайдан» жасауға болады, бұған туған туысы, яғни апасы қатысса, жеткілікті дейді.

Жігіт кетіп қалған кезде, емшілер жүйкесі тозған түнгі мазасыздықтан титықтаған әйел үшін босаңсытатын ванна әзірлеп, майшам жағып, шомылғаннан кейін оған массаж жасап, төсекке жатқызған соң, ұйықтауға бұйрық берген. Әйел санаулы секундтарда ұйқыға кетіпті. Ал оянған кезде кереует жанындағы тумбадан өзінің ақшаларын табады.

Бірақ купюраны жақындатып қараған кезде, ол жалған ақша болып шыққан. Мұндайлар сувенир дүкендерінде сатылады. Сөйтіп әйел полицияға жол тартқан. Ал осы кезде бортына екі әйел мінген ұшақ Астанаға қонған еді.

Үш күн ішінде күдіктілердің жеке басы анықталды, олар Астанада ұсталып, Атырауға жіберілді: 27 жастағы және 25 жастағы Теміртау қаласының тұрғындары екен. Айта кетелік, осы алынған ақшаға олар көлік сатып алып үлгеріпті.

Қазіргі уақытта оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағының 1-тармақшасы («Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау») бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы анықталды. Енді оларды қылмыс жасалғандығы туралы мәлім еткен арызданушымен бетпе-бет жүздестірмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/791536-temirtaulyq-emshiler-atyrau-turghynyn.html