RU

Қарағанды облысында баспанасыз далада қалған адамдар күрт көбейген

Қарағанды облысында баспанасыз далада қалған адамдардың саны күн санап артып келеді. Бүгінде олардың қатарын мүгедектермен бірге, қарты да, жасы да толықтырып отыр деп хабарлады 31 арна.

Үкіметтен берілетін әлеуметтік көмек жетіспей ме, әйтеуір мүгедектер көшеде қайыр тілеуді табыс көзіне айналдырыпты. Ал әлеуметтік бейімдеу орталықтарында тіпті орын да жоқ.

Виктор Исханов өмірінің он жеті жылын темір тордың ар жағында өткізген. Қарағандының әлеуметтік бейімдеу орталығына түскеніне екі жыл болыпты. Жетпіске толған қария құжаттарын реттеген соң қарттар үйіне жол тартпақ. Өйткені нақты мекен-жайы түгілі, көмек сұрап барар жақыны да жоқ.

Бейімдеу орталығында тек жазасын өтеп шыққандар емес, сонымен бірге ерте сағы сынып, күйзелісті көтере алмаған жандар да бар. Тек паналауды ғана ұсынған қызметкерлер күйсіздерді күндіз серуендеуге жібереді. Бірақ олардың көбі ащы суға құнығып, қайыр тілеуге де арланбайды екен.

Қол жайғандардың арасында ай сайын үкіметтен жәрдемақы алып отырған мүгедектер де бар. Мәселен, мына жанның  жәрдемақыны нәпақа еткеніне он жыл болған. Қақаған аяз бен қапырық ыстықты талғамайтын кәсіппен айналысуын қала тұрғындары мемлекет тарапынан берілетін көмектің аздығынан көрсе, енді бірі қожайындарының барына сенімді.

"Мүгедектердің мемлекеттен алатын зейнетақысының мөлшері шамамен 50 мың теңге көлемінде. Бұл адамды мен үнемі көремін. Бір қыз  тамағын, суын беріп, жиналған ақшаны алып кетіп отырады", - дейді қала тұрғыны Галина Прагина.

Ал елу орынға арналған бейімдеу орталығы қыс келісімен толып кетеді екен. Қазірдің өзінде мұнда 49 адам тіркеліпті. Оның үстіне мекемеде кәріден бұрын жастар басым. Орталықтың ең жас уақытша тұрғыны небәрі отыз жаста ғана. Қазір мамандар оған құжат әзірлеуде.

Биыл 47 адамға құжат жасап, 11 қаңғыбасты жұмыспен қамтыған бейімдеу орталығында кейде орын жетіспейді. Қаңғыбастардың жылу құбырлары мен көшеде өріп журуі осыдан дейді. Сондықтан мамандар тағы бір жаңа ғимаратты салуды жоспарлауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/791560-qaraghandy-oblysynda-baspanasyz-dala.html