RU

Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде алғашқы тарауих намазы оқылды

Кеше түнде «Әзірет Сұлтан» мешітінде алғашқы тарауих намазы оқылды, деп хабарлады muslim.kz.

Қасиетті аймен сағына қауышқан елорда жұртшылығы бүгін құлшылық ордаларына ағылды десек те болғандай. Мешітке жиылған 6 000-нан астам жамағатқа ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы қасиетті айдың қадірі туралы уағыз айтып, биылғы жылы Құран Кәрімді хатым ететін қариларды таныстырып өтті.

Елордамыздың еңселі мешітінде биылғы рамазан айында қасиетті Құран Кәрімді еліміздің төрт үздік қарилары хатым ететін болады.

Олардың бірі биылғы республикалық Құран сайысында топ жарып, темір тұлпарды қанжығалаған Дулат Болатбекұлы болса, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметов пен әл-Азһар университетінде білім алып жатқан Яхия Сансызбайұлымен мешіт жамағаты баяғыдан таныс.

Ал төртінші қари ретінде Алматы қаласындағы «Әскер ата» мешітінің ұстазы әрі азаншысы Исманов Алимхан шақырылып отыр.

Бір айта кетерлігі, тарауих намазына келушілердің саны жылдан-жылдан артып келе жатқаны байқалады. Биылғы жылғы алғашқы тарауих намазына 6 000-нан астам жамағат жиылды.

Намаздан соң келушілерді Астана қаласы әкімшілігінің демеушілігімен іске қосылған тегін автобустар тасымалдауды бастап кетті.

Естеріңізге сала кетейік, «Әзірет Сұлтан» мешітінде үш бағыт бойынша төрт автобус тарауих намазынан соң тегін тасымалдайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/791949-astanadaghy-aziret-sultan-meshitind.html