RU

Қазақстандық әйел Шымкенттегі перзентханадан нәрестені қалай "сатып" алғанын айтып берді

Нәрестені сатып алғаны үшін айыпталған Шымкент тұрғыны қалайша бөтен сәбидің анасы атанғанын айтып берді. Әйел екі жыл бойы нәрестені туған баласындай тәрбиелеп келген. Енді оны тартып алатын болса, өзіне қол салатынын айтуда.

Бұл туралы "Время" басылымына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Әйелдің айтуынша, ол күйеуінен 13 жыл бойы бала көтеруге тырысқан. Бір күні көршісі акушер әйелге оның телефон нөмірін бергенін айтады.

Көп ұзамай Әлмира есімді дәрігер қоңырау шалады. Ол перзентханада нәрестелерінен бас тартып жатқандар көп екенін және заңды еш бұзбай сәбиді асырап алуға мүмкіндік барын айтады. Бұл қызметі үшін ақ халатты 300 мың теңге сұраған. Отбасында ондай ақша да, нәрестені асырау ниеті де болмаған.

Әлмира оған ұқсайтын босануға шақ қалған әйелдерді табу үшін фотосын сұратқан. Әйел жеке куәлігіндегі фотосының көшірмесін берген.

"Бірнеше күннен кейін Әлмира түн ортасында хабарласып, "Сен ана атандың, құттықтаймыз!" деп қоңырау шалды. Мен таңертеңгісін перзентханаға жетіп бардым. Әлмира жадыраған жүзбен қабырғаға ілінген жаңа босанған әйелдердің тізімін көрсетті", - деп түсіндірді тұрғын.

Ол жаңалықтан есеңгіреп қалған. Күйеуі мен анасына хабарласқанда олар бірауыздан нәрестені "Алып кет!" деген.

"Мен кішкентай нәрестені қолыма алғанда, ақылымды тыңдайтындай күйде болмадым... содан бері күйеуім екеуіміз үшін бұл нәресте бар әлемнің байлығына тең болды",  - дейді әйел.

300 мыңды олар сол беті жинай алмаған, тек құжаттарды рәсімдеуге 15 мың теңге берген. Кейінннен, Әлмира қалған ақшаны талап етеді деп ойлағанымен, екі жыл бойы ешкім мазаларын алмаған.

Бір күні акушер әйел қоңырау шалады. Ол нәрестені сатқаны үшін айыпталып жатқанын және полицейлер барлық сатып алған отбасылардың есімдерін атауын талап еткендерін айтқан. Олардың есімдерін атамау үшін дәрігер $2000 сұраған. Әйел бұл айтқандарына сенбей, ақша беруден бас тартқан. Алайда, 2015 жылдың қаңтарында полицейлер оны өз бөлімшесіне шақыртқан.

"Тергеуші барлық 20 шақты нәрестені мен секілділерден тартып алып, ата-аналарына немесе балалар үйіне өткізетіндерін айтты… Мен қатты күйзелудемін. Егер менің қызымды тартып алатын болса, өзімді пышақтап тастаймын. Көмектесіңіздерші...", - деп мұңын шақты әйел.

Шымкент перзентхасынан нәрестені сатып алған өзге де әйелдер дәл сондай наздарын айтуда. Олар қателік жасағандарын мойындайды. Дегемен, туған балаларындай болып кеткен кішкентайлар үшін соңына дейін күресуге әзір.

Сәбилердің тағдырын сот шешетін болады.

Еске салсақ, №1 шымкенттік перзентхана қызметкерлері сәбилерінен бас тартқан әйелдердің нәрестелерін саудаға салғандары үшін айыпталған болатын. Сәбилер үшін ақ халаттылар $1 мыңнан $3 мыңға дейін ақша сұраған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/792259-qazaqstandyq-ayel-shymkenttik-perzen.html