RU

Алматыда айы-күні жетіп отырған жалғызбасты әйел нәрестелерін жетімдер үйіне өткізбек

Астанада жалғызбасты аяғы ауыр ана Рамазан айында қайырымды жандардан көмек сұрайды. Егіз баласына айы-күні жетіп отырған Таңшолпан Ысқақова босансам нәрестелерімді жетімдер үйіне өткізіп жібере ме деп жылап отыр.

Өйткені өзі де сәби күнінен балалар үйінде өскен келіншектің туысы да, жұбайы да жоқ, жалғыз. Ал елорда шенеуніктері зар еңіреп отырған анаға көмектесу ешқандай заңда қарастырылмаған деп отыр.

Көз жасы көл болып отырған жалғыз басты ана Таңшолпан Ысқақованың айы-күні жетіп отыр. Екі жастағы Исламы бауырында, іштегі егіз сәбиімді босансам, үш баламен кімге барып шағынам, қайда барып тұрамын деп қамығады.

Жатақхананың аядай бөлмесін баласымен паналап отырған келіншек, ай сайынғы ақысын көршілердің сәбилерін бағу арқылы табады екен. Күндіз қарап бергені үшін ата-аналары әр балаға 500 теңгеден төлеп, жиналған қаржыға жалғызбасты ана күнін көреді.

Ал бір айдан кейін босансам, үш сәбиімді мемлекет жағдайың жоқ дегенді желеу етіп балалар үйіне өткізіп жібере ме деп жылайды. Өйткені қолындағы ұлы Исламды босанғаннан кейін дәрігерлер жетімдер үйіне өткізіп, әрең қайтарып алған екен. Аузы күйген ана бүгін басталған қасиетті Рамазан айында қайырымды жандардан көмек беруін сұрайды.

"Кімде кім көмектесе алса көмек берсін балалар үйінде тастағым келмейді өзім баққым келеді. Арманым ертең босанғанда үйім болса баратын", - дейді Астана тұрғыны Таңшолпан Ысқақова.

Жұбайы басқа қалаға кетіп қалған Таңшолпанның өзі де сәби кезінде жетім қалып, балалар үйінің нанын жеп өскен. Әке-шешесі сәби кезінде қайтыс болып, ана алақанын, әке мейірімін көрмей, жылап өскен келіншек бауыр еті сәбилерім жетім өспесе екен деп қана тілеймін дейді.

Өзі тіпті бірге туған алты ағасының қайда екенінен де хабары жоқ. Ал  іште жатқан егіз сәбиін аман-есен дүниеге әкелсем, әке-шешемнің есімін берсем деп қана армандайды.

"Өмірімде мамасымен жүрген балаларды көріп армандадым, папамның, мамамның атын қоям деп ойладым. Амангелді, Әсия деп қоям деймін", - дейді Таңшолпан.

Жиырма екі жастағы жалғызбасты ананың пәтер кезегінде тұрғанына 4 жылға жуықтапты. Алайда, содан бері кезегім бір жылжыған емес дейді. Шенеуніктер болса, Таңшолпан сияқты көмек сұрап жүрген қарагөздерімізге көмек беру жағы заң тұрғысынан қарастырылмаған, сондықтан ешқандай көмек бере алмаймыз деп ақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/792814-zhalghyzbasty-ayaghy-auyr-kelinshek-ramaz.html