RU

Қазақстандағы кредиттік оқытудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары әлемдік Болон үдерісі бойынша кредиттік жүйеге көшкелі бері студенттер оқудан гөрі, оған төлейтін ақшаны көбірек ойлайды.

 

Себебі, жүйе бойынша үлгерімі төмендеген немесе емтиханнан өте алмаған студенттер құлаған пәннің оқу ақшасын қайта төлеп барып қана сынақтан өте алады.

Ал оқудағы қарызын өтей алмағандар бірден оқудан шығарыла ма? Кредиттік оқытудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Осы сияқты сауалдарға 31 арна жауап іздеп көрген.

Ерсін Оспанбек университетте бақандай 4 жылға жуық оқып, соңғы курстағы білім кредиттерін жаба алмай, оқумен қош айтысқандардың бірі. Семестр соңына қарай бағаларының 4 пен 5-ке жетпейтінін білген ол қарызын қалай жабам деп күйзеліске түсіпті. Ал төлейтін ақшаның мөлшері 300 мың теңгеден асып кеткенін естігенде тіпті не істерін білмеген.

"Оны төлеуге материалдық жағдайым болмады. Еріксіз қаражат жинау үшін 2 мейрамханада қатар даяршы болып жұмыс істедім", - дейді ол.

"6 бірдей сабақтан жазға қалатынымды білгенімде, есеңгіреп қалдым. 300 мыңнан астам ақша төлеу керек екені айтты. Менің қалтам да, жағдайым да көтермейді, тіпті қаржыны қайдан табатынымды да білмедім. Ақыры сол 300 мыңды төлемедім, есеңгірген күйінде оқудан кеттім. Қазір даяшы болып жүрмін", - дейді Ерсін Оспанбек.

Қазақстанның Жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттердің басындағы ортақ мұң кредитті - қалай жабамын дейтін қорқынышты сауал. Пәндердің бағыты бойынша, кредиттің құны да әртүрлі. Шамамен 10 мың мен 18 мыңнын аралығында. Ал әр сабаққа кемінде 2 немесе 3 кредит бөлінетіні тағы бар.

Яғни, әрсабақ 30 мыңмен 50 мыңның арасында. Cтуденттердің айтуынша, қысқы немесе жазғы семестрге қалып, қарызын өтеушілер аз емес. Өйткені, бәрі бірдей жақсы үлгеріммен аяқтай бермейді. Ал университеттер ішкі құпиямыз деп қанша студенттің неше пәннен кредитін өтей алмағаны туралы ақпарат беруден бас тартты.

"Бұл оқыту жүйесінің ақшаға бағытталуы дұрыс емес. Біз асығыс көштік, әйтпесе жақсы жақтары бар", - дейді Қыздар университетінің оқытушысы Береке Жұмақаева.

Бұрынғы оқу жүйесінде егер студент құлап қалатын болса, онда ол соны қайта тапсыру мүмкіндігін алатын. Соны қайта тапсыратын. Ал кредиттік оқыту жүйесінде ол кестеге қайта сабақ болып қойылады, ол сол өзінің қорғамаған кредитінің төлемақысын қайта төлейді.

Бүгінде кредиттік жүйе бойынша оқыту студенттердің белгілі бір деңгейдегі әлеуметтік проблемасына айналуда. Себебі университеттердің Болон үрдісіне көшуінің жақсы жақтары бар болғанмен, зияны да жоқ емес дейді мамандар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/792901-qazaqstandaghy-kredittik-oqytudynh-ar.html