RU

Алматы көшелеріне Тәуке, Есім, Керей мен Жәнібек хандардың есімдері беріледі

Алматыдағы мағынасыз және атаусыз көшелерге қазақтың хандары мен сұлтандарының есімдері беріледі. Бұл туралы тілдерді дамыту басқармасы мәлімдеді.

Алматыдағы кейбір көше аттарын өзгерту келесі жылы қайта қолға алынады. Өйткені биыл торап аттарын түзеуге тыйым салынған. Ал ономастика мамандары ескірген есімдер мен аты қайталанатын даңғылдардың тізімін жасақтап қойыпты.

Соған сәйкес, Алматыдағы 90 көшенің аты мүлдем жоқ болса, 50 даңғылдың есімі ескіріпті. Ал 165 көшенің аты қайталанады. Мораторий аяқталысымен, тіл мамандары алдымен Наурызбай ауданындағы атаусыз көшелерге ат беруге білек сыбана кіріспек.

«Ең бірінші жұмыс - Алматы қаласында атауы жоқ көшелерге атау береміз. Одан кейін қайталантын көшелерді қарастырамыз. Одан соң тарихи-ескірген «Вишневая», «Грушевая», "Кирпичная", "Заводская" және тағы да басқа осы сияқты көшелердің атын өзгертуге  көшеміз»,- деді Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Өтепберген Қалыбай.

Тіл мамандарының сөзінше, Алматыда нақты атауы бар 1 мың 848 көше тіркелген. Сондай-ақ кенже аудан Наурызбайда 450 шағын көше бар болса, соның 80 пайызының аты қайталанып кетеді. Мәселен, құжат бойынша Абай атында 1 даңғыл және кішігірім 4 көше бар. Енді оның саны бірден 32-ге жетіпті. Осы секілді Әуезов, Жамбыл сынды тұлғалардың аты қаланың барлық бұрышында кездеседі екен.

«Абайымыз тағы көбейеді. Себебі әрбір елді мекенде бір-бір Абай бар. Сонда 27 елді мекенде 27 Абай мен 5 Абайды қосыңыз, сонда 32 Абай болады»,- деді Өтепберген Қалыбай.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының филологтары болса, көше аттарындағы қайталанған есіммен қатар, сөздерде кеткен қатені көріп шошып отыр. Себебі тіл мамандары аптасына қаланы 2 рет аралап, 15-20-ға жуық көше аттарындағы қатені көріп, түзеткізіп жатса да, сауатсыз маңдайшалар азаяр емес. Сол себепті осыған жауапты жеке меншік сәулет мекемелерін жазалау керек дейді.

«Көрнекті құралды дайындайтын мекеменің кінәсі деп ойлаймын. Қалай бар солай жазады немесе дұрыс түсінбейді. Дүйсенов деген көшенің атын жазғанда  "й" -дің орнына "і" қоюы миға қонбайды»,- деді филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген.

Ономастика қызметкерлері тұрғындарды сауатсыз жазуларға бей-жай қарамауға шақыруда. Қатеге толы көше аты немесе жарнаманы көрсеңіз суретке түсіріп, тіл басқармасының сайтына жіберуіңізге болады.

Мамандар қазақ тілін құрметтемеген мекемені 1 ай ішінде тауып, қатесін түзетеміз деп отыр. Сондай-ақ қаладағы сауатсыз маңдайшалар мен аты көш жоқ көшелердің мәселесі 1-2 жылда толықтай шешілмек.

Алматыда хан есімімен аталатын бір ғана көше бар екен. Ол - Абылай хан көшесі. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тіл басқармасы осы олқылықты жою үшін алып шаһардағы оншақты үлкен көшеге қазақтың ханы мен сұлтандарының атын беруді жөн санапты.

Сондықтан да келесі жылы қалада Тәуке, Есім хан, Керей мен Жәнібек сынды тарихи тұлғалардың аттары пайда болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/793568-almaty-koshelerine-tauke-esim-kerey.html