RU

Ақтөбеде келінін балағаттаған шенеунік сөгіс алды

Ақтөбе аумақтық орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау инспекциясы басшысының орынбасары бауырының әйелімен жылу батареяларын бөлісе алмай қалған. Талас кезінде келінін балағаттаған шенеунік жауапқа тартылды.

Бұл туралы aktobetimes.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.

Шенеуніктің келіні қолын сындырып алғандықтан, біраз уақытқа балаларымен анасының үйінде тұрған екен. Сәуір айында қолы жазылған әйел күйеуі салып жатқан жаңа үйіне келіп, жылу батареясы орнында жоқтығын байқаған.

Ол полицейді шақыртып, тонаушыларды іздестіргенде, батарея қайын енесінің үйінен табылады. Белгілі болғандай, үй қаңырап тұрған уақытта шенеунік батареяларды кесіп алып, анасының үйіне алып кеткен.

Келіні бұл жаңалықты естіп, айқай-шу шығарады. Ақтөбе аумақтық орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі инспекциясы басшысының орынбасары Әнуарбек Бермағамбетов полицейлердің көзінше әйелге балағат сөзбен жауап қайтарады.

Тәртіптік кеңес бұл әрекеті үшін шенеунікке сөгіс жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/793689-aqtobede-sheneunik-kelinin-boqtaymyn.html