RU

Еліміздің базарларында сатылатын тауарлардың басым бөлігі гендік модификацияланған

Еліміздегі азық-түлік мәселесіне қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің өзі араласа бастады. Алматыда академиктер мен қоғам белсенділері гендік тұрғыда өзгеріске ұшыраған өнімдердің тұтынушыларға тиетін зардабы мен залалы жөніндегі пікірлерін ашық айтты.

Қазақстанға шеттен әкелінетін өнімдердің құрамына халық қаншалықты мән береді? Олардың адам ағзасына тигізер зияны қандай? Екі тараптың ұсыныстарын 31 арна саралап көрді.

Еліміздегі базарларда сатылатын шеттен әкелінетін өнімдердің көпшілік бөлігі гендік модификацияланған тауарлар. Ал тұтынушылар оның құрамына ден қойып, пайда-зиянына назар аудара бермейді. Алматы тұрғыны Роза Қарашева күнделікті базардан алатын заттардың сырт сипаты дұрыс болса, халық күдіксіз сатып ала береді дейді.

"Арнайы жеміс-жидекті тексермейміз. Пайдасына, түріне қараймыз да сатып аламыз", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Роза Қарашаева.

Бір ғана мысал, ғалымдар зерттеуінің нәтижесінде алмаға түсетін құртты жоятын ағзаның генін алмаға енгізгенде оған құрт түспейтінін және ұзақ уақыт бойы сақталатынын анықтаған. Сыртқы сәні қалғанымен, бүкіл дәмі өзгеріп кеткен алмаға құрт екеш құрт та жоламайды.

Алматыда осы мәселеге арнайы бас қосқан академиктермен Олжас Сүлейменов бастаған қоғам белсенділері бір шешімге келе алмай әлек болды. Бір өнімнің генінің өзгеруі адам баласының геніне оңбай зиянын тигізеді дейді "Невада-Семей" қозғалысының өкілдері. Қазақстандағы ГМО-ны тоқтатуға 10 жылдан бері қарсылық танытып келе жатқан Гүлдана Нұрпейісова тіпті Қытайдан әкелінетін өнімдердің құнарсыздығынан бұрын зияны шаш етектен деп ашық әшкереледі.

"Мәселен Қытайдың гендік модификацияға ұшыраған қызанағының, не иісі жоқ, не түрі қызыл емес. Кескенде іші жарқаш сияқты", - дейді "Невада-Семей" қозғалысының белсендісі Гүлдана Нұрпейісова.

Қазір гендік тұрғыда өзгеріске ұшыраған өнімдерден Австрия, Польша, Швеция сияқты елдер бас тартқан. Оған ашық түрде рұқсат берген АҚШ-та халықтың жетпіс пайызы аллергиямен ауырса, тыйым салған Швециядағы бұл көрсеткіш 7 пайыз.

ГМО-ны жылдан-жылға еселеп өндіріп келе жатқан Қытайдың ең басты тұтынушысы Қазақстан. Ал одан бізге ешқандай қауіп жоқ, керісінше өнімді арттыруға таптырмас әдіс дейді биолог маман.

"Түсімді, өнімді көбейтетін, майын арттыратын гендер. Дәрі-дәрмекті көбірек шығаратын гендер. Немесе қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына шыдамды, төзімді өсімдіктер шығару үшін", - дейді биология ғылымдарының докторы, академик Ізбасар Рахымбаев.

Ал генетик ғалымдардың пікірі екіжақты. Олардың айтуынша, ГМО-ның қауіптілігі тек оның жасалу технологиясында. Бастысы геннің өзгеру процесі бақылауда болу керек. Халықтың пайдалануына берілместен бұрын, бірнеше қайтара тексерістен өткізсе ғана зиянсыз болуы мүмкін дейді.

"Кез келген өркениетті елде, тіпті АҚШ пен Ресейде ГМО технологиясына бақылау жасалады. Заң жүзінде қаралады. Халықтың мұндай көзқараста болуына Қытайда ондай заң жоқ. Ал Қазақстанның Қытаймен шекарасында кедергі аз", - деді генетика және цитология институтының бас директоры Ләйлә Жансүгірова.

ГМО-ны талқылау кезінде екіге бөлінген тараптар енді Астанада өтетін үлкен жиында бір шешімге келетін боп тарқасты. Сондай-ақ парламентте жатқанына 3 жыл болған гендік-модификацияланған организмдер туралы заң қарауға қайта ұсынылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/794423-elimizdinh-bazarlarynda-satylatyn-ta.html