RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада мемлекет басшысының Өкімімен Дархан Айтқалиұлы Ділманов Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры қызметіне тағайындалды. Сондай-ақ өңірлерде де бірқатар тағайындаулар жүргізілді.

Сонымен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры болып тағайындалған Дархан Ділманов 1969 жылдың 9 қаңтарында Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2014 жылдан жаңа тағайындауға дейін  ҰҚК-і төрағасының орынбасары - Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы болған еді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болып Сақташ Хасенов тағайындалды. Ол бұған дейін АШМ агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетін басқарған.

Семей қаласының әкімі болып бұған дейін Зырян ауданын басқарған Сәлімов Ермак Бидахметұлы тағайындалды.

Ал Зырян ауданының әкімі қызметіне Айбек Мұталапханұлы Кәрімов тағайындалды. Бұл тағайындауға дейін Айбек Кәрімов 2011 жылдың қаңтар айынан бастап Семей қаласын басқарды, ал одан бұрын Аягөз, Тарбағатай, Шемонаиха аудандарының әкімі қызметінде болған. ШҚО әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Батыс Қазақстан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Бауыржан Жанпейісұлы Талдықбаев БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының әкімі қызметіне Шахтинск қаласының бұрынғы әкімі Александр Аглиулин келді

Астана әкімі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбеков аталған компания басқармасы төрағасының жаңа орынбасары қызметіне Владимир Лютовты тағайындады.  Сондай-ақ елорда басшысы Әділбек Жақсыбековтің өкімімен Ерік Байжүнісов қалалық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы міндетін атқаратын болды. Ал Астана қалалық қаржылық бақылау инспекциясына басшы болып Азамат Мелдебеков келді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен корпорацияның басқарма төрайымы қызметіне Гүлназ Атамқұлова тағайындалды. Бұған дейін ол «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрайымы міндетін атқарған еді.

Қазақстан Биатлон федерациясы атқарушы комитетінің отырысы өтті, онда федерацияның жаңа президенті болып Айталап Қорғамбаев сайланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/794483-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-6.html