RU

Серік Сәпиев: Төрешілердің "Левит кубалықтан жеңіліс тапты" деген шешімі әділетсіз

20 маусым күні Астанадағы "Дәулет" спорт кешенінде Astana Arlans пен Cuba Domadores боксшылары кездескен болатын. Алайда 91 келіден жоғары салмақ бойынша кубалық Савон Котилламен қолғап түйістірген отандасымыз Василий Левиттің жолы болмады. Осыған орай Хабар арнасы "Астана Арланс" клубының бас менеджері Серік Сәпиевтен сұхбат алды.

Әр раунд бойынша қарсыласына сансыз соққы берген Василийдің еңбегі еш кетті. Бұлай дейтініміз, шаршы алаңда түрлі тойтарыс Василий Левиттікі болғанымен, төрешілердің шешімі бойынша жеңіс кубалық боксшыға бұйырды. Бұған "Арланстың" жігіттері де, көрермендер де наразы.

"Біздің боксшыларымыз бүгінгі кездесуде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мен "Астана Арланстың" жігіттеріне ризамын. Шаршы алаңға шыққан боксшылардың қай-қайсысы да үздік өнер көрсетті.  Иә, көпшілік Василий Левиттің жеңілгеніне наразы. Бұл төрешілердің қателігінен болды. Дұрыс болмады, әрине. Барлығы қоңырау шалып, хабарласып, жазып жатыр. Көпшілік төрешілердің оң шешімін күтіп, 10 минуттай күтті. Тіпті ойын аяқталғаннан кейін жүргізушінің өзі де жаңылысып, "Василий жеңді" деп хабарлады. Көрермендер де солай күтті. Бірақ төрешілердің шешімі осылай болды. Мен бүгінгі кездесуде Василийдің жеңіске жеткенін білемін. Төрешілердің шешіміне келіспеймін. Барлығы бұған қарсы. Біз не болса да, ертеңгі күнді күтеміз. Ертеңгі ақтық сында біздің жерлестеріміз жеңіске жетеді деген үміттеміз", - деді Сәпиев сұхбат барысында.

"Егер ертең төрешілер тарапынан осындай қателік болса, біз WSB, Бокс Федерациясына ұсыныс-хат жолдайтын боламыз. Болатын ақтық сын бүгінгі өкініштің орнын толырады деген үміттемін. Төрешілер дұрыс шешім шығармады. Олар Савонның жеңгенін қалады. WSB вице-президенті мистер Карим Бузиди: "Мен 91 кг салмақтағы боксшылардың кездесуін ұзақ күттім", – деді. Енді қос боксшы да өз команданың үздіктері ғой. Жалпы төрешілердің шешіміне барлығы қарсы. Бұл әділетсіз шешім. Ойынды тамашалаған басқа клубтың өкілдері де айтып жатыр. Барлығы бізді қолдауда. Не де болса, біз ертеңгі ақтық сынды күтеміз", - деп сөзін жалғастырды Сәпиев.

Сәпиев интернетте Мейірім Нұрсұлтановтан кубалық Арлен Лопес Кардона басымырақ болды деушілерге де өз пікірін білдірді.

"Мен бұл пікірге үзілді-кесілді қарсымын. Себебі Мейірім - өте талантты, кәсіпқой боксшы. Бүгінгі кездесуде де ол өзінің қарсыласына қарымтасын қайтара білді. Мейірімнің жеңіске деген талпынысы жоғары болды. Арлен Лопес Кардона Мейірімге тойтарыс бере алған жоқ", - деп көзқарасын айтты боксшы.

Сұхбат барысында Серік Сәпиев көрермендердің наразылық танытып, бөтелке лақтырғандары үшін Куба елшілігіне кешірім хатын жолдайтындығын айтты.

"Әр елдің спортсүйер көрермендері бар. Олар сүйікті құрамалары жеңіске жетсе марқайып, жеңіліске ұшыраса налитынын білеміз. Біз жерлестеріміздің наразылығын түсініп отырмыз. Алайда біз оларды алдын ала ұйымдастырған жоқпыз", – деп сөзін аяқтады Серік Сәпиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/794906-serik-sapiev-toreshilerdinh-levit-kuba.html